Батыс Қазақстанда қолға алынған «Баспана - жастарға» жобасын өзге өңірлерге тарату қажет

ОРАЛ. 17 қараша. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - Батыс Қазақстан облысында қолға алынған «Баспана - жастарға» жобасын өзге өңірлерге тарату қажет.

Батыс Қазақстанда қолға алынған «Баспана - жастарға» жобасын өзге өңірлерге тарату қажет

Бұл туралы Орал қаласында «БҚО жастар қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігінің ұйымдастыруымен, ҚР Білім және ғылым министрлігі тәрбие ісі және жастар саясаты департаменті мен облыстық ішкі саясат басқармасының қолдауымен 17 қарашада өткізілген «Жас отбасыларға тұрғын үй» атты республикалық семинар-кеңесте айтылды.

БҚО әкімдігі жастардың баспана мәселесін шешу үшін 2006 жылы жарғылық қорына 100 пайыз мемлекеттің қатысуымен «Ақжайық-Жас отау» ЖШС-ін құрған еді. Жас отбасыларға арналған алғашқы 90 пәтерлік тұрғын үй 2008 жылғы қыркүйекте Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен салтанатты түрде пайдалануға берілген болатын. Өткен жылы дәл сондай көпқабатты тағы бір үй салынып, оның ашылу рәсімінде ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов болды.

Аталмыш жиында еліміздің барлық облысының өкілдері бас-аяғы бес жылдың ішінде 200-дей жас отбасын баспанамен қамтамасыз етіп үлгерген аталмыш жобаның тиімділігін әрі қолжетімділігін алға тартты. Маңғыстау облысының өкілі Нұрбек Қарасаевтың сөзіне қарағанда, баспана мәселесі қай өңірде болмасын өте өткір. Мәселен, Маңғыстау облысында қазір 4 мыңға жуық жас отбасы тұрғын үй кезегінде тұр. Былтыр тек 33 пәтер берілді. Облыстық әкімдік «Баспана - жастарға» жобасын қолдап отыр. Келер жылы осы жоба Маңғыстауда енгізіліп, 2012 жылы алғашқы тұрғын үй іске қосылмақ. Павлодар облысы ішкі саясат басқармасының бөлім бастығы Әсет Әлібаев та батысқазақстандықтар бастамасының барлық облыстарда қолдау тапқанын қалайды.

«Ақжайық-Жас Отау» ЖШС директорының орынбасары Марс Сатыбалдиевтің мәлімдеуінше, келер жылы Орал қаласындағы 9-шағынауданнан 104 пәтерлі тоғыз қабатты үй бой көтереді. Жаңа пәтерлерге құжат қабылдау 2012 жылы басталады. Жобаға сәйкес екеуі де 29 жасқа толмаған жас отбасы тұрғын үйді сатып алу үшін қаржының 50 пайызын үш жыл бойы «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінде» жинақтамақ. Қаржының қалған жартысын банк алты жылға бес пайыздық мөлшерлемемен береді.