Батыс Қазақстанда көліктік-логистикалық орталығын құру көзделіп отыр

ОРАЛ. 24 қазан. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында көліктік-логистикалық орталығын құру көзделіп отыр.

Батыс Қазақстанда көліктік-логистикалық орталығын құру көзделіп отыр

Облыс әкімі Нұрлан Ноғаевтың сөзіне қарағанда, бұл жоба Көлік және коммуникация министрлігімен келісілген. Ресейдің бес бірдей аймағымен шектесетін өңірдің орналасу ерекшелігін, оның Еуропа мен Азияны жалғастыратынын ескере отырып, аталмыш орталық арқылы тауарларды таратуға болады.

Тағы бір жоба, Украинадан, Ресейдің оңтүстігінен Волгоград арқылы келетін жолды анағұрлым қысқарту үшін Жәнібек, Қазталов, Чапаев, одан Жайық өзені арқылы Жымпитыға дейін жол тартып, оны Шымкент-Самара күре жолына қосу ойластырылуда. Аталмыш министрліктің автожолды дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасына енген бұл жолды «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» жобасының бір тармағы деп есептеуге болады. Бұл жолмен Жымпиты арқылы Ақтөбеге де тіке шығуға болады.