Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Батыс Қазақстанда көне құлпытастарды зерттеу қолға алынатын болады

ОРАЛ. 18 қыркүйек. ҚазАқпарат - Отандық тарихты зерделеу - мемлекеттік тұрғыда қолға алынған мәселе. Бұл туралы бүгін М. Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінде өткен ұлттық тарихты зерделеу мәселелері жөніндегі үйлестіру кеңесінің кезекті отырысында облыс әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкен мәлім етті.

Батыс Қазақстанда көне құлпытастарды зерттеу қолға алынатын болады

Оның айтуынша, әр өңірде осыған қатысты талқылаулар өтуде. Әр аймақтың өзіндік ерекшелігі, зерттелмеген тұстары жетерлік. Сондықтан бұл тұрғыда бірлескен жоспарлы жұмыс қажет.

Жиында көтерілген бірінші мәселе - «Бабалар тарихына тағзым» экспедициясын ұйымдастыру туралы БҚМУ-дың проректоры, тарих ғылымдарының докторы Әбілсейіт Мұқтар баяндама жасады. «Экспедиция Атырау облысы Индер ауданындағы Махамбет бабамыз жерленген жерден бастау алды. Күні кеше ғана ғалымдарымыз бен студенттеріміз Жаңақала мен Бөкей ордасы аудандарының елді мекендеріне аттанып кетті. Осы сапарлар барысында біз ел ішіндегі жәдігерлерді тауып, жинақтап, халық аузындағы құнды деректердің анық-қанығына жетуді мақсат тұтамыз. Басты мақсаттарымыздың бірі - Махамбет батыр ұрпақтары туралы деректер табу», - деді Әбілсейіт Қапезұлы.

Екінші мәселе - «Қазақстанның батыс аймағында жатқан құлпытастардың суреттері мен жазуларын тарихшылардың ғылыми зерттеуіне мүмкіндік жасау және оларды сайт арқылы жариялау туралы» белгілі журналист, облыстық «Орал өңірі» газетінің арнаулы тілшісі Қазбек Қабжанов баяндап берді. «Көшпелі қазақ қоғамының өзіндік ерекшелігіне сәйкес, өткен ғасырлардан бізге дейін жеткен нақты құжат, тарихи жәдігер өте аз. Сол аз жәдігердің бір түрі - көне қорымдардағы құлпытастар. Бұл құлпытастардан қайтыс болған адамның аты-жөні, шыққан тегі, лауазымы, әлеуметтік дәрежесі, қай жылдары өмір сүргендігі, ұрпақтары туралы мәлімет алуға болады. Алайда соңғы жылдары көне қорымдар мен құлпытастар уақыт тезінен тозып, жойылып барады. Сондықтан тез арада облыс аумағындағы ХVIII-XIX ғасырларға жататын көне жерлеу орындарын анықтап, зерттеу нысанасына айналдыру керек. Облысымызда 2012 жылдың желтоқсан айынан бері шығып келе жатқан «DANA.kaz» тарихи-танымдық журналы «Құлпытас сырын ашайық» деген арнайы айдар ашып, бұл жұмысты бастап та кетті. Бүгінге дейін ондаған құлпытас мәтіні оқылып, жария етілді. Олардың ішінде Науша батыр Қаржауұлы, Дәуқара Қарақожаұлы секілді тарихи тұлғалар да бар. Дегенмен бұл бастаманы жүйеге түсіріп, аясын кеңейту үшін мынадай жұмыстар жасалуы керек деп есептейміз: барлық аудан әкімдеріне тапсырма беріліп, әр аудан аумағындағы көне жерлеу орындарын анықтау; ел ішіндегі көнекөз қариялардан сол маңдағы тарихи орындар, тарихи тұлғалар жерленген жерлер туралы ақпарат-мәлімет жинақтау; анықталған көне қорым орындарына құрамында арабша мәтінді оқи алатын, сапалы бейне және фото түсірілім жасайтын және ол жердің сызба-картасын жасайтын мамандар кірген арнайы топтың іссапарын ұйымдастыру; іссапардың қаржылық мәселесін шешу, мамандардың еңбегін есептеп, қаржы жобалық-сметасын жасау; жинақталған, зерттелген мәліметтерді кітап, жинақ түрінде басып шығару. Бұған қоса Батыс Қазақстан облысына қатысты өлкетану деректерін, ғалымдар мен өлкетанушылардың мақалаларын, тарихи орындар мен тұлғалар туралы мәліметтерді бір жерге жинақтайтын ортақ сайттың қажеттігі бүгінде анық байқалып тұр. Біз бүгінде жұмыс істеп тұрған «DANA.kaz» тарихи-танымдық журналының дайын тұрған www.danakaz.kz сайтын осындай ортақ жұмысқа пайдалануға тегін, ақысыз-пұлсыз ұсынамыз», - деді Қазбек Құттымұратұлы.

Күн тәртібіндегі үшінші мәселе бойынша облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының міндетін атқарушы Айгүл Есекенова «Тарихи өлкетануды дамыту шеңберінде 2014-2016 жылдарға арналған өңірлік өлкетану бағдарламасына ұсыныстар енгізу туралы» хабарлама жасады.

Талқыланған мәселелер бойынша тиісті ұсынбалар қабылданды.