Батыс Қазақстанда құны 4,6 млрд. теңгені құрайтын 13 жоба талқыланды

ОРАЛ. 20 наурыз. ҚазАқпарат - Облыс әкімінің орынбасары Алтай Көлгіновтің төрағалығымен өткен аймақтық үйлестіру кеңесінің кезекті отырысында несиелерінің жалпы шамасы 4,6 млрд. теңгені құрайтын жаңа 13 жоба қаралды.

Батыс Қазақстанда құны 4,6 млрд. теңгені құрайтын 13 жоба талқыланды

«Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасы аясында көлік, спорт, білім беру, құрылыс материалдары өндірісі, өңдеу өнеркәсібі, қызмет көрсету салалары бойынша жобалар талқыланды.

«Жаңа бизнес бастамаларды қолдау» бағыты бойынша «Оралмұнайгазгеология» АҚ-ның «Бұрғылау құбырларын және бұрғылау қондырғысын сатып алу» және «Болашақ-Т» ЖШС-ның «Арнайы техниканы, жабдықтарды сатып алу, үй комбинатын салу» жобалары бойынша несиенің пайыздық мөлшерлемесін субсидиялау мәселесі қаралып, мақұлданды. «Болашақ-Т» ЖШС басшысы Қайдар Қошановтың сөзіне қарағанда, үй комбинатының құрылыс материалдарын құрылысқа пайдалану мемлекеттік бағдарлама бойынша салынып жатқан қазір үй бағасын 10-15 пайызға төмендетуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ құрылыс индустриясы саласындағы «СВ плюс» ЖШС-ның «Жабын тастар және тауарлық бетонды шығару мақсатында жабдықтарды құрастырумен байланысты мүлікті (жер телімдері, қоймалар, өндірістік база) сатып алу» жобасы бойынша несиесінің пайыздық мөлшерлемесі субсидияланатын болды.

«Gaudeamus» ЖШС-ның «Білім беру бойынша қызметтерді көрсету үшін коммерциялық жылжымайтын мүлікті сатып алу», «Дestination» ЖШС-ның «Ағылшын тіліне оқыту бойынша оқу орталығын ашу үшін коммерциялық жылжымайтын мүлікті сатып алу» жобалары мақұлданды.

«ПластСпецСтрой» ЖК-нің «Автокөлік жолдарын пайдалану үшін арнайы техниканы сатып алу», «Родник» фирмасы» ЖШС-ның «Жүкті тасымалдау үшін автокөлікті сатып алу», «Швецов Б.В.» ЖК-нің «МАЗ-975830-3021 жартылай тіркемені және маркасы МАЗ-544008-060-031 сүйреуіш тартқышты сатып алу», «Regional Support Kazkhstan» ЖШС-ның «Маркасы НЕФАЗ 9334-20-01 жартылай тіркемесі бар КамАЗ 54115-010-15 автокөлігін сатып алу» жобалары кәсіпкерлерге істерін дамытуға қажетті. Сондықтан техникамен қамтамасыз ететін жобалар кеңес отырысында қолдау тапты.

«Нафта» сауда үйі» ЖШС-ның «Энергия» фитнес-орталығы ғимаратына жапсарлас салынған спорт залды электр және жылу қуатымен қамтамасыз ету үшін трансформатор және от жағу кіші стансасын қайта құру», «Риа Мир» ЖШС-ның «Балаларға арналған «Космик» ойын-сауық орталығын ашу үшін жабдықтарды сатып алу» жобалары бойынша оң шешім шығарылды. «Пассажир-авто» ЖШС-ның «Автокөлікті сатып алу (2012 жылы шығарылған ГАЗ 322132-2288 шағын автобустар)» жобасы мақұлданып, несиенің пайыздық мөлшерлемесі субсидияланатын болды.

Аймақтық үйлестіру кеңесінде «Абдулин» С.А» ЖК-ның жүк көлігін сатып алу жобасын талқылау банк өкілінің басқосуға келмеуіне байланысты кейінге қалдырылды.