Батыс Қазақстанда күздік бидайдың жаңа сұрыптарын егу қолға алынды
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Зеленов ауданы Раздольное ауылында «Егінжай күні - 2015» атты семинар-кеңесте аса құрғақшылық жағдайда күздік дақылдарды өсірудің тиімділігін арттыру жолдары талқыланды.
БҚО ауыл шаруашылығы басқармасы, «Орал ауыл шаруашылығы тәжірибе стансасы» ЖШС, «Байер Каз» ЖШС және Зеленов ауданындағы «Достық» шаруа қожалығы бірлесіп ұйымдастырған жиынға қазақстандықтармен қатар Ресейден келген ғалымдар мен ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер қатысты. Шара барысында дәнді дақылдарды өсірудің жаңа технологиясы таныстырылды. Атап айтқанда, көршілес Орынбор облысынан келген «Бурдыгинское» ЖШС-ның бас директоры Александр Жилников күздік бидайдың биоклиматтық әлеуеті және аса құрғақшылық жағдайда оны жүзеге асыру жолдары жөнінде баяндаса, Нижневолжский ғылыми-зерттеу институтының аға ғылыми қызметкері Виктор Буянкин қазақстандық шаруаларға жерді тиімді пайдалану тәсілін ұсынды. Сондай-ақ Оңтүстік-Шығыс ауыл шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты директорының орынбасары Рим Сайфуллин Қазақстанның аса құрғақ аумағына дәнді дақылдар ішінде «Белозерная рожь» сұрыпының қолайлы екендігін айтып, жиналғандарға оны өсірудің технологиясын түсіндірді.
Семинарға қатысушылар жаңа сұрыптар егу қолға алынған «Достық» шаруа қожалығының егістік алқабымен танысты. Аталмыш қожалық басшысы Владимир Шевчуктың айтуынша, өткен жылы жазда қуаңшылық орын алса да, мұнда әр гектарға 36,6 центнерден өнім алыныпты. Биыл 1200 гектар жерге егілген күздік бидай да бітік шыққан. «Биыл да әр гектарға 30 центнерден келеді деп ойлаймыз. Елбасы тапсырмасына сәйкес мемлекет тарапынан ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге үлкен қолдау көрсетілуде. Мысалы, біздің шаруашылық демеуқаржы ретінде тыңайтқышты 50 пайызға, шетелдік гербицидті 30 пайызға және қазақстандық гербицидті 50 пайызға арзан бағаға сатып алды. Алдағы уақытта алқапта егілетін дәнді дақылдар түрін көбейтуді жоспарлап отырмыз. Осы жолы ресейлік әріптестерімізбен жерді күтіп-баптау, егін егу және одан мол өнім алу тәсілдері бойынша тәжірибе алмастық. Алдағы уақытта осы іс-тәжірибелерді өз жұмысымызда пайдаланатын боламыз», - деді В.Шевчук.
«Байер Каз» ЖШС-ның өңірдегі өкілі Алдаберген Нұғмановтың сөзіне қарағанда, аталмыш серіктестік шаруа қожалықтарына өсімдікті қорғау құралдарын сатумен қатар, егіс алқаптарына дәнді дақылдардың жаңа түрін егіп, оны сынақтан өткізумен де айналысады. «Еліміздің тек солтүстік өңірі ғана емес, Батыс Қазақстан жері де құнарлы, өнім сапасы да ойдағыдай. Тек егістікті жақсылап күтіп-баптау керек. Ресейлік әріптестеріміздің Батыс Қазақстан облысындағы бидай сұрыптары көптен жаңартылмаған, бұл жерге дәнді дақылдардың жаңа сұрпын егіп көру керек деуі дұрыс. Біз осы мақсатта биыл ерте көктемде көрші Ресей еліне барып, 15 түрлі дәнді дақылдың әрқайсысынан 500 келіден алып келдік. «Достық» шаруа қожалығының алқабына егілген бидай қазір жайқалып өсіп тұр. Егіннің шығымына бізге дақылдың 15 түрін тегін берген ресейлік әріптестеріміздің өзі таңғалуда. Бұған жаңа сұрыптарға қорғаныс құралдарын дұрыс пайдаланып, егіндікті жөнімен күтіп-баптаудың нәтижесінде қол жеткізілді. Мұндай озық тәжірибені кеңінен пайдалану керек», - деді А.Нұғманов.