Батыс Қазақстанда мал бордақылайтын кешен іске қосылды
ОРАЛ. 14 қаңтар. ҚазАқпарат - Жәнібек ауданы орталығынан екі-үш шақырым жердегі «Жаңа әлем» қыстағында 1000 бас ірі қараны бордақылайтын кешен іске қосылды.
Күні бүгін мұнда 500 бас ірі қара мал бордақылануда. «Әлем» шаруа қожалығының жетекшісі, облыстық мәслихаттың депутаты Ескендір Елемесовтің айтуынша, жаңадан іске қосылған кешенде жем мен шөп жеткілікті. Семіртілетін еркек малдың көпшілігі осы «Әлем» ШҚ-дан өсіп шыққан мал болса, көршілес Қазталов ауданының шаруашылықтарынан 100 бастай ірі қара алынған.
Мал бордақылау кешенінде ертелі-кеш жұмыс істейтін 15 жұмысшыға барлық жағдай жасалған. Кешен маңында еңбек ететін жұмысшыларға арналған тұрғын үй, асханаға көгілдір отын мен электр қуаты келіп тұр. Бұл жерде мал соятын, бие сауатын орындар бар. Осындағы қысқа арналған жылы қораларда жүз шақты күркетауық пен сонша дана қаз да жүр. Келер жазда мұнда түйе саууда қолға алынбақ. Қазір «Әлем» ШҚ-ның қыстақтарында 60 бас түйе, 600 бас жылқы, 900 қой қыстатылуда.
Мал бордақылау кешені мамандарының сөзіне қарағанда, семіртілген малдың еті экологиялық жағынан таза, ешқандай химиялық қоспалар жоқ. Табиғатына сай нәрлі шөп пен жем жеп, қоң жинауда. Кешенде, сондай-ақ жуырда Жаңақаладан сатып алынған көшім жылқысы тұқымдас алты айғыр қысталуда. «Бұл жоба «Жұмыспен қамту - 2020» бағдарламасына сай жүзеге асты. Инвестициялық жобаның құны 150 миллион теңгеге түсті. Шағын кешенді өзіміздің қаржымызбен, өзіміздің жұмысшыларымызбен ешкімнен ештеңе сұрамай салып бітіріп шықтық, - деді Е.Елемесов.