Батыс Қазақстанда «Мектептегі құқық тәртібі» іс-шарасы өткізілуде
ОРАЛ. Ақпанның 18-і. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - Батыс Қазақстан облысында ақпанның 15-19-ы аралығында «Мектептегі құқық тәртібі» іс-шарасы өткізілуде,
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Облыстық ішкі істер департаментінен түскен мәліметке қарағанда, алғашқы күндердің өзінде түрлі құқық бұзушылыққа барған үш жүзге жуық жасөспірім ұсталған. Полицейлер көңіл көтеру орындарын, интернет-кафе, компьютерлік клубтарды тексеруге ерекше назар аударуда. Бұларда түнгі уақытта ата-анасыз жүрген жасөспірімдер аз кездеспейді.
Білім ордаларында қылмысты болдырмау үшін барлық қала мектептерінде бейнебақылау камераларын орнату көзделіп отыр. Мұндай камералар әзірге №10 және №34 орта мектептерде бар.
Өңірде жасөспірімдер қылмысы 18,4 пайызға көбейіп отыр. Сондықтан бұл мәселеге айрықша көңіл бөлінуде.