Батыс Қазақстанда «Мектептің үздік басшысы» анықталды

ОРАЛ. 15 қараша. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - Батыс Қазақстан облыстық педагог кадрлар біліктілігін арттыру және қайта даярлау институты «Мектептің үздік басшысы» байқауын өткізді.

Батыс Қазақстанда «Мектептің үздік басшысы» анықталды

Институттың басшы кадрлар әдіскері Балзия Тұржанованың хабарлағанындай, соңғы бес жылда бір рет ұйымдастырылып отырған байқаудың бастапқы кезеңі тамыз-қыркүйек айларында қала мен аудандарда өткізілген болатын. Қорытынды сайысқа барлығы он үміткер қатысып, үш түрлі сынақтан өтті. Тестілеуден бақтарын сынап, өз мектептерінің жетістіктерін көрсеткен директорлар шеберлік сабақтарын да берді.

Байқау қорытындысында Орал қаласындағы №44 орта мектеп директоры Ақжарқын Темірханова бас жүлдені жеңіп алды. Тасқала ауданы С.Жақсығұлов атындағы мектеп басшысы Ұлмекен Сараева - бірінші, Теректі ауданы Ақжайық орта мектебінен Светлана Шүкірова - екінші, Бөкей ордасы ауданы Б.Жәнекешев атындағы мектеп директоры Шынар Зұлқашева үшінші орынды еншіледі. Сондай-ақ ұстаз-басшылар түрлі аталымдар бойынша да марапатталды.