Батыс Қазақстанда мемлекет қайраткері Құрман Дияровтың 100 жылдығы аталып өтілді

ОРАЛ. 11 қараша. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейінде мемлекет қайраткері Құрман Дияровтың (1910-1970) 100 жылдығына орай «Өнегелі ғұмыр» атты еске алу шарасы өткізілді.

Батыс Қазақстанда мемлекет қайраткері Құрман Дияровтың 100 жылдығы аталып өтілді

БҚО-ның Теректі ауданы Еңбек ауылында дүниеге келген Құрман Дияров Орал ауыл шаруашылығы техникумын бітіргеннен кейін зоотехник қызметін атқарып, 1938 жылы облыстық атқару комитеті төрағасының орынбасарлығына дейін көтерілді. 1942 жылы Қазақстан совхоздары халық комиссарының орынбасары, 1943 жылы Алматы облыстық атқару комитетінің төрағасы, 1944 жылы республика Министрлер Кеңесі төрағасының орынбасары, 1946 жылы Павлодар облыстық атқару комитетінің төрағасы, 1952 жылы ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары, 1960 жылы ҚКСР совхоздары министрінің бірінші орынбасары сынды қызметтерді атқарды. 1965 жылдан Мемлекеттік жоспарлау комитетінің төрағасы болды. Ол ғылыми жұмыспен де айналысып, көптеген еңбектер жазды. Қазақ Республикасы Жоғарғы Кеңесінің депутаты да болған Қ.Дияров зайыбы Жамалмен бірге екі ұл, екі қыз тәрбиелеп өсірді.

Жиында соғыс және еңбек ардагері Бисен Жұмағалиев, зейнеткер, бұрынғы кеңшар директоры Федор Скобычкин және басқалар Қ.Дияров туралы естеліктер айтып, жылы лебіздерін білдірді.