Батыс Қазақстанда мемлекет және қоғам қайраткері М.Ықсановтың 85 жылдығы аталып өтілді
ОРАЛ. 10 қазан. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - Батыс Қазақстан облысында мемлекет және қоғам қайраткері Мұстахым Ықсановтың (1926-1991) 85 жылдығы кеңінен аталып өтілді.
Жәнібек ауданында дүниеге келген Мұстахим Біләлұлы Қызылорда, Жамбыл және Батыс Қазақстан облыстарын басқарды, сондай-ақ Қазақ КСР Министрлер Кеңесі төрағасының орынбасары, Қазақстан КП Орталық Комитетінің хатшысы сынды лауазымды қызметтерді атқарды. 1975-1986 жылдары Батыс Қазақстан облысын басқарған кезде өңірде жарқын іздер қалдырды.
Қайраткердің 85 жылдығына орай алдымен 7 қазан күні облыстық қазақ драма театрында «Есімі ел есінде» атты еске алу кеші өткізіліп, замандастары ыстық ықыласпен естеліктерін айтса, облыс әртістері өз өнерлерін көрсетті.
8-9 қазан күндері мерейтой Жәнібек ауданында жалғасып, салтанатты жиналыс пен аудан көркемөнерпаздарының концерті дала қызықтарына ұласты.