Батыс Қазақстанда мемлекеттік қызмет жөнінде оң пікір қалыптастыруға арналған кеңес болды
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Басқарма бастығы, тәртіптік кеңес төрағасы Әкімгерей Серғалин атап өткеніндей, мемлекеттік қызметші алдына қойылар талап үлкен. Ең алдымен біліктілік пен іскерлік, адалдық пен әділдік - бірінші кезекте керек қасиеттер. Өңірде бүгінгі таңда 4872 мемлекеттік қызмет орны болса, соның 4564-і бос емес. Басқарма бастығының орынбасары Есберген Әжібаевтың мәлім еткеніндей, мемлекеттік қызметшілердің орта жасы 39,5 болса, 81,2 пайызы - жоғары білімді. Соңғы кезде әйелдер саны арта түсуде. 4564 қызметкердің 89,1 пайызы қазақтар болса, қалғаны - өзге ұлт өкілдері.
Жиында облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мақсот Батыров кадрларды даярлау сапасын арттыра түсу керектігіне тоқталса, «Ағартушы» мемлекеттік тілді оқыту орталығының директоры Болат Жексенғалиев мемлекеттік тілді үйретудегі түйткілдерді айтты. Тәртіптік кеңес құрамына үкіметтік емес ұйымдар өкілдерін енгізу қажеттігі де сөз болды.