Батыс Қазақстанда мемлекеттік қызметшілердің оң бет-бейнесін қалыптастыру мәселелеріне арналған дөңгелек үстел отырысы болды
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі БҚО бойынша басқармасының бастығы, тәртіптік кеңес төрағасы Әкімгерей Серғалин атап өткеніндей, мұндай дөңгелек үстел аудандарда алғаш рет ұйымдастырылып отыр. Оның айтуынша, қазіргі кезде мемлекеттік қызметшілердің кәсіби біліктілігіне, әділдігіне, тазалығына ерекше маңыз беріледі. Бұл ретте алдымен бірінші басшылар үлгі-өнеге көрсетуі тиіс.
Шыңғырлау ауданы әкімі аппаратының жетекшісі Ержан Тұрмағамбетовтің мәлімдеуінше, ауданда 100 мемлекеттік қызметші (бес орын бос) болса, соның 10-ы - саяси, 95-і - мемлекеттік қызметшілер. Бұлардың 47-сі әйелдер болса, 53-і - ер азаматтар. Олардың орта жасы 41 жасты құрайды. Соңғы жылдары облыс әкімі аппаратына, облыстық басқарма-департаментке жоғарылап, ауысып жатқандар да бар. Осы орайда мемлекеттік қызметшілер біліктілігін көтеру үшін курстардан, тәжірибеден өткізу жұмыстары да қолға алынып отыр.
«Нұр Отан» ХДП аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Дәмелі Есқайырованың ойынша, елімізде мемлекеттік қызметкерлердің кәсіби мерекесі болуы керек. Осындай мейрамдарда үздік мемлекеттік қызметкерлер марапатталып, еңбегі көрініп жатса, олардың беделі биіктей түсер еді. Отырыста басқа да ұсыныс-пікірлер айтылды.
Осы күні мемлекет қызмет тәртібін нығайтуға арналған кеңес те өткізілді.