Батыс Қазақстанда өткен жылы 5263,7 млн. теңге бөлініп, «Жұмыспен қамту - 2020» бағдарламасының төрт бағыты бойынша жұмыстар атқарылды
ОРАЛ. 9 қаңтар. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында өткен жылы 5263,7 млн. теңге бөлініп, «Жұмыспен қамту - 2020» бағдарламасының төрт бағыты бойынша жұмыстар атқарылды.
Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бөлім бастығы Мұнара Қапышеваның айтуынша, бағдарламаның бірінші бағыты бойынша жоспарланған 3294 адамның 3293-і немесе 99,9 пайызы кәсіби оқытуға жолданып, соның 1326-сы бітіріп шықса, 1967-сі білім алуын жалғастыруда. Кәсіби білімін көтергендердің ішінен 1149-ы (86,7 пайызы) жұмысқа орналастырылды. Әлеуметтік жұмыс орындарын ашуға бөлінген 340,3 млн. теңгенің 330,3 млн. теңгесі (97,1 пайыз) игеріліп, 2285-тің орнына 2950 адам (129,1 пайыз) жолданды. Соның ішінде 683-і тұрақты жұмыс орнын тапты. Жастар тәжірибесіне сәйкес 306,4 млн. теңгенің 305,5 миллионы (99,7 пайызы) игеріліп, 1956-ның орнына 2534 түлек (129,6 пайыз) жолданды. Соның ішінде 475-і тұрақты жұмысқа орналасты.
Бағдарламаның екінші бағыты бойынша ауылдағы кәсіпкерлікті дамыту мақсатында 72,3 млн. теңгеге 1709 адам оқытылды. 1632 адамға 3172,8 млн. теңге көлемінде шағын несие берілді. Олардың ішінен 1556-сы өз кәсібін ашса, 76-сы несиені өз ісін кеңейтуге жұмсады. Бұлар 1509 жұмыс орнын ашып, 437 адамды жұмыспен қамту органдары арқылы қабылдады.
Бағдарламаның үшінші бағыты бойынша Бөрлі ауданы Бөрлі ауылында салынған 60 үйге қоныс аударушыларға 7,4 млн. теңге демеуқаржы төленді. Мекен өзгерткен 281 адамның ішінен еңбекке қабілетті 137-нің 72-сі тұрақты жұмысқа орналасты, 17-сі оқуға жіберілді.
Бағдарламаның төртінші бағытына сәйкес ауылдық елді мекендерді дамыту мақсатында 415,2 млн. теңгеге 8 жоба жүзеге асырылды. Соның нәтижесінде 186 адам еңбек орнын тапты.
Биыл «Жұмыспен қамту - 2020» бағдарламасына сәйкес бірінші бағыт бойынша 2655 адамды кәсіби даярлауға жолдау, 1800 әлеуметтік жұмыс орнын ашу, жастар тәжірибесіне 1505 түлекті жіберу көзделуде. 2-бағыт бойынша 900 адам кәсіпкерлік негіздеріне оқытылып, 1075 адамға шағын несие берілмекші. 3-бағыт бойынша алты ауданда отыз үй салынып, соған сонша отбасы қоныстанбақ. 4-бағытқа сәйкес 1544,86 млн. теңгеге әлеуметтік сала нысандары салынып, жөнделмек.