Батыс Қазақстанда «Өзіңнен баста» атты шараға байланысты мемлекеттік органдар басшылары табыстарын жариялауда
Осыған орай «Өзіңнен баста» атты шара аясында Батыс Қазақстан облысындағы бірқатар мемлекеттік органдар басшылары өз табыстарын жариялап отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Нұр Отан» ХДП облыстық филиалынан түскен мәліметке қарағанда, ҚР Табиғи монополияларды реттеу агенттігі БҚО бойынша департаментінің директоры Нариман Төреғалиевтің Орал қаласында үш бөлмелі жеке үйі, саяжайы бар. Айлық жалақысы - 118 мың теңге.
БҚО бойынша қазынашылық департаментінің бастығы, «Нұр Отан» ХДП облыстық филиалы партиялық бақылау комиссиясының мүшесі Дархан Қуанышевтің айлық жалақысы - 160 мың теңге. «Біз отбасымызбен 2000 жылы сатып алынған үш бөлмелі пәтерде тұрамыз. Отбасымда бес адам бар: жұбайым Галина - жеке кәсіпкер, айына 75 мың теңгедей кіріс кіргізетін шағын бизнесі бар, ұлым мен келінім және немерем бар. Ұлым Тимур - ІІД қызметкері, келінім бала күтіміне байланысты демалыста. Менің және отбасы мүшелерінің басқа жылжымайтын мүлкі, жеке автокөлігі жоқ. Сондай-ақ сенімді басқарудағы немесе депозиттік есепшоттағы өзге мүлік-табыс та жоқ», деп мәлімдейді Д.Қуанышев.