Батыс Қазақстанда Сәтимола кеніші игерілуде

ОРАЛ. Қаңтардың 6-сы. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - БҚО-ның Ақжайық ауданы Базаршолан ауылдық округі аумағында Сәтимола кеніші игерілуде.
None
None

Мұнда қазір шетелдік инвестордың қатысуымен «Сатбор» ЖШС жұмыс жасауда. 2004 жылы ҚР Энергетика және минералдық ресурстар министрлігімен 27 жылға борлы калий тұздарын барлап, өндіру үшін жер қойнауын пайдалану жөнінде келісімге қол қойылған болатын. Бастапқыда «Сатборда» 10-15 адам еңбек етсе, қазір олардың саны 160-тан асты. Электр қуатына қосылған кеніште телефон, интернет, спутниктік байланыс, бейнебайланыс жұмыс жасап тұр. Жұмысшылар жатақханада орналасқан. Таяуда мұнда жұмысшылар кенті бой көтеріп, еңбеккерлер саны екі мыңға жуықтамақ. Аталмыш серіктестіктің бас директоры Талғат Қасеновтің айтуынша, ең алдымен Ақжайық ауданының тұрғындары жұмысқа басымырақ тартылмақшы.

Бор мен калий тұздарының кені 300 метр тереңдікте жатыр. Өндіру жер астында яғни шахталық тәсілмен жүргізілмек. Ол ашық өндірумен салыстырғанда, қоршаған ортаға залалын тигізбейді.

«Сатбор» ЖШС-інің түпкі мақсаты - Сәтимола кенішінен шығарылатын өнімді экспортқа бағыттап өңдейтін кешен құру. Қазіргі уақыт талабы да осы.

Осы кенішті ашуға қатысқан академик-ғалым Муфтах Диаровтың пікірінше, борат Сәтимолаға 1963 жылы жалпы барлау жасағанда табылған болатын. Жер шарында осылайша магний, калий тұздарымен араласып жатқан борат жоқ, бұл жағынан алғанда, Сәтимоладай кен орны еш жерде кездеспейді және оның қоры 150 жылға еркін жетеді.

Соңғы жаңалықтар