Батыс Қазақстанда саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне арналған шаралар аудандарда да өткізілді

ОРАЛ. 1 маусым. ҚазАқпарат - 31 мамыр күні Батыс Қазақстан облысында саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне арналған шаралар аудандарда да өткізілді.

Батыс Қазақстанда саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне арналған шаралар аудандарда да өткізілді

Бөрлі ауданы Кеңтүбек селолық округі аумағындағы табиғаты тамаша көрікті мекен Пролетарка елді мекенінің маңындағы ескерткіш бар. Ол саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған. Жыл сайын аудандық, облыстық деңгейде өткізілетін шаралар кезінде жастар ескерткішке келіп, гүл шоқтарын қойып, боздақтардың аруақтарына тағзым етеді.

Ауылдық округтің әкімі Жақсылық Лұқпановтың айтуынша, бұл ескерткіш оның бала кезінен бар екен. Көнекөз қариялар бұл жерде қуғын-сүргін кезінде 12 адамның атылғандығын, оның біреуі бала екендігін айтады. Бұл оқиға қай жылы, қандай жағдайда орын алды, атылғандардың кім екендігі туралы нақты дерек жоқ. Мүмкін, болашақта тарихшылар немесе жас өлкетанушылар зерттеп, анықтап жатса, бұл ескерткіш ауыл тарихының жарқын бір беті болып қалар еді.

Осыдан он шақты жыл бұрын ауыл әкімі жел итеріп, су шайып, қисая бастаған ескерткішке қоршау орнату туралы аудан басшыларына ұсыныс жасаған болатын. Ауыл басшысының ұсынысы сол кездегі аудан басшылығы тарапынан қолдау тауып, қоршалған еді. Бүгінде ескерткішті туған өлке тарихын ардақтайтын кеңтүбектік жастар қамқорлықтарына алып, басына ағаш отырғызып, гүл егіп, тазалап, күтімге алып жүреді. Ауылда өткен мереке немесе көпшілік шара кезінде ескерткішке келіп, гүл шоқтарын қояды. Әрине, патриоттық сезімі жоғары ауылдықтар мұны ешкімнің бұйрығынсыз, ерікті түрде жасайды. Негізі ескерткіш облыстық немесе республикалық деңгейдегі тарихи ескерткіштерді қорғау мекемесінде тіркелмеген. Осы шаралар қолға алынып,  арнайы тізімге енгізілсе, мемлекет тарапынан ерекше қамқорлыққа алынар еді.

Бұл күні сондай-ақ мұндай шарадан Ақжайық және басқа аудандар да шет қалған жоқ. Сондай-ақ Орал қаласындағы Ж.Досмұхамедов атындағы педколледжде, басқа да оқу орындарында саяси қуғын-сүргін құрбандары, атақты Алаш қайраткері Жаһанша Досмұхамедов, сталиндік зұлмат жылдарында атылған бірден-бір қазақ қызы Шахзада Шонановаларға арналған шаралар ұйымдастырылды. Сонымен қатар Максим Аммосов, Есет Тоқсановқа орнатылған ескерткіш тақталарға гүл шоқтары қойылып, еске алу сабақтары өткізілді.