Батыс Қазақстанда саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне арналған шаралар ұйымдастырылуда

Дарынды балаларға арналған С.Сейфуллин атындағы №11 облыстық мектеп-интернаты кешенінде облыстық ішкі саясат басқармасының қолдауымен және М.Ықсанов атындағы қоғамдық қордың ұйымдастыруымен өткен ғасырдың зұлмат жылдарына арналған конференция болды. Шарадан бұрын көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, ақын, жазушы, саяси қуғын-сүргін құрбаны Сәкен Сейфуллиннің мектеп алдындағы ескерткішіне гүл шоқтары қойылып, қонақтар білім ордасының музейін де тамашалады.
М.Ықсанов атындағы қордың төрағасы Асқар Атаевтың атап өткеніндей, саяси қуғын-сүргін құрбандарын еш ұмытуға болмайды. 1921-1954 жылдары Кеңес одағында 3 млн. 777 мың адам сотталса, соның 642 мыңы ату жазасына кесілді. Елде 953 лагерь мен қоныс-колониялар жұмыс жасады. Тек 1937-1938 жылдары Қазақстанда 100 мыңнан астам адам жазықсыз сотталса, 25 мыңдайы атылып кетті. БҚО-дан 1330 адам сталиндік лагерьлерде қаза тапты.
Атаулы күн қарсаңында сондай-ақ Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейінде «Алаштың арда перзенті» атты көрме ашылды. Биыл көрнекті Алаш қайраткері, белгілі ғалым Халел Досмұхамедовтің туғанына 130 жыл толып отыр. Осыған орай көрмеде қайраткер тұтынған заттар, ескі суреттер мен құжаттар көшірмелері қойылған.