Батыс Қазақстанда соңғы екі жылда 165 білім беру, 44 денсаулық сақтау, 72 мәдениет және 8 спорт нысаны күрделі жөндеуден өткізілді
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетовтің айтуынша, 2009 жылы 91 білім беру нысаны, соның ішінде «Жол картасы» бойынша 17 нысан күрделі жөнделді. Бұл бағыттағы жұмыстар үшін барлығы 4 млрд. теңге бөлінді, ал ағымдағы жөндеу жұмыстары үшін 340 млн. теңге қаражат қарастырылып, игерілді. Қалған 5 нысанды күрделі жөндеу жұмысы жыл соңына дейін аяқталады. Сондай-ақ биыл республикалық және жергілікті бюджеттер қаржысы есебінен 30 денсаулық сақтау ұйымына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді, 2009 жылғы қарашаның 1-іне 1,9 млрд. теңге игерілді. Таяуда облыстық аурухана жанынан офтальмологиялық бөлім ашылды, енді облыста көзге жаңа технологиялар негізінде күрделі операциялар жасауға мүмкіндік бар.
Сол секілді өңірде 28 мәдениет үйі мен кітапханалар, Оралдағы Ғ.Құрманғалиев атындағы облыстық филармония ғимараты күрделі жөндеуден өткізілуде.