16:03, 13 Қаңтар 2009 | GMT +5
Батыс Қазақстанда соттардағы жұмыс жүктемесі әлдеқайда өсіп отыр
ОРАЛ. Қаңтардың 13-і. ҚазАқпарат /Ғайсағали Ералы/ - Батыс Қазақстанда соттардағы жұмыс жүктемесі әлдеқайда өсіп отыр.Бұл туралы облыстық сотта өткен жыл қорытындыларына арналған жиында айтылды,
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Онда облыстық сот төрағасы Мұхтар Смағұлов жыл ішінде облыс соттарында сот төрелігін атқару сапасының айтарлықтай жақсарғандығын атап өтті. Жыл қорытындысы бойынша әрбір судьяға шаққандағы орташа жұмыс жүктемесі 40,8 пайызды құрады. Мәселен, облыс соттарының азаматтық істер бойынша жұмыс жүктемелері 2007 жылмен салыстырғанда 27,3 пайызға өскен. Облыс соттары өткен жылы 17 648 іс өндірісін бітірді. Шешім шығарыла отырылып қаралған істердің саны 2289-ға көбейді. Қылмыстық істер бойынша да жағдай осындай. Айталық, 2007 жылы облыс соттарының өндірісінде 1898 қылмыстық іс болса, олардың ішінде 1714 іс өндірісі аяқталған. Өткен жылы облыс соттарының өндірісінде 2031 іс болып, 1811 іс өндірісі аяқталған. Бұл 2007 жылмен салыстырғанда 6 пайызға көп. Қаралған істер бойынша 1555 тұлға сотталды. Бұл 2007 жылмен салыстырғанда 11,6 пайызға көп. Сотталған 1555 адамның 782-сі бас бостандығынан айыру жазасына кесілді. 33 адам ақталды.
Әкімшілік істер бойынша жұмыс жүктемесінің барлық аудандық және қалалық соттарда өскендігі байқалып отыр. Әсіресе, бұл Орал қаласы мен Бөрлі ауданының әкімшілік соттарында айтарлықтай көбейді. Соған қарамастан әкімшілік істер бойынша сот төрелігін атқарудың сапасы жоғары.
2008 жылы судьялардың тарапына 18 тәртіптік іс қозғалды.