Батыс Қазақстанда тағы бір ауылға «көгілдір отын» жеткізілді
sp;ОРАЛ. 3 ақпан. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - БҚО-ның Бөрлі ауданы Киров ауылында «көгілдір отын» алауы жағылды.
Қарағанды ауылдық округінің орталығы - Киров ауылындағы мәдениет үйі алдында «көгілдір отын» алауын жағу рәсіміне облыс әкімінің орынбасары Ербол Салықов қатысып, құттықтады. 800-дің үстінде тұрғыны бар ауылға газ тарту жұмыстарын «Котломонтаж» ЖШС жүргізсе, ауылға дейінгі жоғары қысымды газ құбырын «Батысгазқұрылыс» ЖШС уақтылы атқарған. «Көгілдір отынға» қосылу жұмыстарын ұйымдастыру бұдан сегіз жыл бұрын басталып, үш кооператив құрылған. Енді, міне, кировтықтар от жағу, күл шығару машақатынан құтылды. Жеке кәсіпкер Ілияс Жантөриев: «Бизнесті дамытуға мүмкіндік молайды», - деді қуанышын жасырмай.
Газ алдымен әлеуметтік нысандарға беріледі. Одан кейін жеке үйлерге газ кіргізіледі. Ауыл жыл санап түлеп келеді. 2009 жылы ауылдық округ әкімдігінің бастамасымен тұрғындардың өз күшімен жас отбасыларға арналған жатақхана салынып, пайдалануға берілген.
Аудан әкімдігінің ауылдарды дамыту бағдарламасы аясында өткен жылы Қанай, Бөрлі, Успенов және Ақсу ауылдарында бизнес-орталықтар ашылды. Ақсу ауылдық округіндегі бизнес-орталықта тігін цехы, шаштараз, аяқ киім жөндейтін шеберхана, өндірістік және оқу құралдары дүкендері орын тепкен. Ақсуда 20 жыл қаңырап тұрған ғимарат күрделі жөндеуден өтіп, биылғы жаңа жылда жас отбасыларға жатақхана ретінде беріліп, қазір мұнда төрт жас отбасы қоныстанған.