Батыс Қазақстанда тұрғындар тапсырған қару-жарақ жойылды

Тұрғындардың жеке иелігіндегі қару-жарақты жинап, жою шарасы бұдан төрт жыл бұрын қолға алынса, биыл 1 ақпан мен 1 сәуір аралығында қайта жалғасты.
Облыстық ІІД лицензиялық рұқсат беру жүйесінің аға инспекторы, полиция майоры Рашид Фазыловтың мәлімдеуінше, биылғы шараны өткізу үшін 12 миллион теңгеден астам қаржы бөлініп, соның 6 миллионы тіркелмеген қару-жарақтарын өз еркімен тапсырған жеке тұлғаларға берілді. Бөлінген қаржының қалған бөлігі мамыр және маусым айында төленбек.
2008 жылдан бастап өткізіліп жүрген бұл акцияға қатысушылар саны жыл сайын артып келеді. Мысалы, биыл екі ай ішінде тапсырылған қару-жарақ саны 2008 жылы 12 ай бойына жиналған қару көлеміне (700-дей) жуықтаған. Аталмыш шараға ауыл адамдары белсендірек қатысқан. 600-ден астам қатысушының 146-сы қалалықтар болса, қалғаны - ауыл тұрғындары.