21:23, 19 Қаңтар 2009 | GMT +5
Батыс Қазақстанда тұрғындарды жұмыспен қамтудың аймақтық бағдарламасы жүзеге асырылуда
ОРАЛ. Қаңтардың 19-ы. ҚазАқпарат /Ғайсағали Ералы/ - Батыс Қазақстан облысында тұрғындарды жұмыспен қамтудың 2008-2010 жылдарға арналған аймақтық бағдарламасы жүзеге асырылуда,

деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасынан түскен мәліметке сілтеме жасап.
Өңірде үш жылда экономиканың түрлі саласында 17700 (2008 жылы ? 5719) жұмыс орнын ашып, 23328 адамды (2008 жылы ? 7580) еңбекке орналастыру көзделген болатын. Бағдарламаның бастапқы жылында облыста 10758 жұмыс орны ашылып, мақсат 188,1 пайызға орындалды. Осының 9043-і тұрақты жұмысқа орналасқандар, мұның 3393-і шағын бизнестің үлесінде. Сондай-ақ 1715 уақытша және маусымдық жұмыс орны ашылды. Өткен жылы 15607 адам еңбекке орналасуға өтініш білдірсе, соның 11975-і өз орнын тапты. Бұл ? бағдарлама бойынша 158 пайыз.
Бір жылда қоғамдық жұмысқа 7561 адам тартылды (106,9 пайыз). Мұндағы орындалған жұмыс көлемі үшін 270,8 млн. теңге толық төленді. Сол секілді жұмыссыздар үшін 1216 әлеуметтік жұмыс орны ашылды (113,8 пайыз). Кәсіптік білім алуға 1362 жұмыссыз жіберілді (111,2 пайыз). Биылғы қаңтардың 1-іне жұмыспен қамту органдарында 3012 жұмыссыз есепте тұр, тіркелген жұмыссыздық деңгейі 0,9 пайызды құрады.
Батыс Қазақстан облысындағы шетелдік жұмысшы күші тартылатын 79 ұйымда 1671 шетелдік маман (квотадағы 2815-тің орнына) мен 13106 Қазақстан азаматы, барлығы 14777 адам жұмыс жасайды. Мұндай компанияларда қазақстандық азаматтар үшін 3079 жұмыс орны ашылған.