Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Батыс Қазақстанда Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне құрмет көрсетілуде

ОРАЛ. 6 мамыр. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында Ұлы Отан соғысы ардагерлерімен кездесулер өткізіліп, құрмет көрсетілуде.

Батыс Қазақстанда Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне құрмет көрсетілуде

Сондай жүздесулердің бірін облыстық мүгедектер қоғамы ұйымдастырды. Онда майдангерлер жорық жолдарын еске алып, жас ұрпақты отаншылдық рухында тәрбиелеу бағытындағы өз ойларын ортаға салды.

Облыстық мүгедектер қоғамының төрағасы Жұмажан Қожжановтың айтуынша, ардагерлердің өмірлік тәжірибесі, майдандағы достықтары - кейінгі жастарға үлгі. Мұндай кездесулерді, әсіресе, мектептерде, оқу орындарында ұйымдастырудың маңызы зор.

Бұл күндері мекеме-кәсіпорындар, ұйымдар да өз майдангерлеріне құрмет көрсетіп, тарту-таралғыларын ұсынады. Оларға жергілікті билік орындары тарапынан қаржылай сыйлық беріледі. Орал қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің мәліметіне қарағанда, Оралда тұратын Ұлы Отан соғысына қатысушылар мен мүгедектеріне жергілікті бюджеттен 2011 жылғы мамырдағыдай 30 мың теңгеден төленеді. Бұл төлемақыны 344 майдангер алмақ.