Батыс Қазақстанда үш ауыл тұрғынының есірткі өсімдігін өсірумен айналысқаны анықталды
ОРАЛ. 17 қыркүйек. ҚазАқпарат - «Допинг» жедел алдын алу шарасы кезінде Зеленов ауданы Январцев ауылынан төрт шақырым жерде 24 және 26 жасар ағайындылар мен 20 жасар тұрғынның есірткі өсімдігіне жататын қарасораны өсіргендігі анықталды.
БҚО ішкі істер департаментінің баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, олар аталмыш өсімдікті өсірумен биылғы сәуірден бастап айналысқан. Полиция қарасораның 27 бұтағын тауып, тәркіледі.
15 қыркүйек күні атышулы үшеудің мекенжайын тінту кезінде сараптама қорытындысына сәйкес кептірілмеген марихуана табылды. Мұның жалпы салмағы 39,43 грамды құрады.
Аталмыш үшеу ұсталып, Приурал полиция бөлімінің уақытша оқшаулау абақтысына қамалды.