Батыс Қазақстанда жалпы аймақтық өнім өткен жылғыдан 3,0 пайызға асып түседі деп болжанып отыр
ОРАЛ. 26 қаңтар. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - Батыс Қазақстан облысында биыл жалпы аймақтық өнім өткен жылғыдан 3,0 пайызға асып түседі деп болжанып отыр.
Облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасынан түскен мәліметке қарағанда, өнеркәсіп өнімінің көлемі 2,8 пайызға ұлғаймақ. Өңдеу өнеркәсібіндегі өсім 3,9 пайызға жетпек.
Ауыл шаруашылығы өнімі көлемі 23,9 пайызға артпақ. Көлік қызметі көлемі 1,7 пайызға көбеймек.
Мемлекеттік қаржы есебінен 23,4 мың шаршы метр тұрғын үй салынбақ.
2010 жылы 989,2 млрд. теңгенің өнеркәсіп өнімі өндірілсе (99,7 пайыз), өңдеу өнеркәсібіндегі өнім көлемі (83,3 млрд. теңге) 82,5 пайызға өскен болатын.
Ауыл шаруашылығында өткен жылы ет өндіру - 0,2, сүт - 1,3, жұмыртқа өндіру - 15,6 пайызға, мал басынан ірі қара - 0,7, қой - 5,3, жылқы - 10,3, шошқа - 3,9, құс 2 пайызға өсті.
Бөлшек сауда айналымы 11,4 пайызға артып, 92,2 млрд. теңгеге жетті.
Жыл ішінде 207,4 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді, бұл 2009 жылғыдан 9,7 пайызға артық. 79,2 млрд. теңгенің құрылыс жұмыстары атқарылып, 17,3 пайызға көбейді.