Батыс Қазақстанда жаңа стадион ашылды
ОРАЛ. 20 желтоқсан. ҚазАқпарат - Теректі ауданының Ақжайық ауылында стадион ашылды.
Ақжайық ауылдық округінің әкімі Мүфтах Дүйсенғалиевтің айтуынша, спорттық нысанның бой көтеруі үшін 5 млн. теңге қаржы жұмсалып, қысқа мерзімде пайдалануға берілген. Бөлінген қаражаттың 2 млн. теңгесі ауданның қазынасынан, қалған сомасы өткен жылы облыстық байқауда «Ең таза ауыл» аталымын жеңіп алғаны үшін Ақжайық ауылына берілген сыйақыдан қарастырылған. Құрылыс жұмыстарын кәсіпкер Данияр Хабиевтің жетекшілігіндегі құрылыс бригадасы жүргізді.
Стадион биік тормен қоршалып, ішінде волейбол, баскетбол, шағын футбол, жүгіру жолы талапқа сай жасақталған. Бірнеше қатар жанкүйерлерге арналған орындықтар да бар.