Батыс Қазақстанда жаңадан сайланған ауыл әкімдері есеп беруде

ОРАЛ. 10 қазан. ҚазАқпарат - Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың 2013 жылдың 15 тамызындағы Жарлығына сәйкес ауылдық округ әкімдері тоқсанына бір рет тұрғындарға есеп беруі тиіс. Осыған орай өңірде жаңадан сайланған ауылдық округ әкімдері есеп беруде.
None
None

Зеленов ауданында Краснов, Махамбет, Макаров, Мичурин, Достық және басқа ауылдық округ әкімдері тұрғындармен кездесті.

Кеше Белес ауылының әкімі Адам Имашев өз есебінде алда тұрған маңызды міндеттер қатарында жергілікті тұрғындарды «Жайық Петролеум» ЖШС сынды кәсіпорындарға орналастыруға септесу, мектеп, ауылдық амбулаторияларды күрделі жөндеу, балалар алаңы мен «Қолжетімді баспана - 2020» бағдарламасына сәйкес тұрғын үйлер құрылысы, Белес пен Ақжол елді мекендерінің көшелерін жарықтандыру, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты жаңғырту бағдарламасына сәйкес көп пәтерлі үйлерді жөндеу екендігін атап өтті.

Жиында көтерілген өзекті мәселенің бірі мал бағу болды. Ауыл тұрғындарының малы өз бетімен жайылатындықтан, ұрланып, жоғалады немесе теміржол бойында қауіпті жағдай туғызады. Аудан әкімінің орынбасары Гүлнәз Құлжанова бұл мәселені мал бағу ережесін бекіту, сол мал иелеріне шара қолдану арқылы шешу қажеттігін жеткізді.

Сондай-ақ Жәнібек ауданының әкімі Мұрат Мұқаев Жасқайрат, Ақоба, Ұзынкөл ауылдарында өткен есепті кездесулерге қатысты. Ауылдық округ әкімдері 9 айлық мерзім ішінде атқарған жұмыстарын бейнекөрсетілімдермен сәйкестендіре отырып түсіндірді, сонымен бірге алдағы уақытта жылма-жыл жүзеге асыратын жұмыс жоспарларымен бөлісті.

Аудан әкімі Мұрат Рахметұлы асыл тұқымды мал басын көбейту, жеке кәсіпкерлердің қолдауымен жұмыс көздерін ашу, ол үшін жергілікті шаруа қожалық иелері, ауыл тұрғындары бағдарламалар аясында үкімет көмегін дер кезінде пайдаланып қалулары керектігін тілге тиек етті. Кейін осы мақсатта атқарылуға тиіс іс-шаралар және кәсіпкерлікке қолдау-көмек көрсетуге ірі несие беретін ұйымдарға жолданатын құжаттар сапасын жақсарту, бұл бағытта орын алып отырған кемшіліктерді жою, өзін-өзі жұмыспен қамтудың өзге де жолдары жөнінде аудандық кәсіпкерлік, ауыл шаруашылығы және ветеринария бөлімінің басшысы Абзал Қаратаев, осы бөлімнің бас маманы Наталья Сажина кеңінен түсіндіріп өтті.

Оралға қарасты Зачаган, Круглоозерный кенттері және Желаев ауылдық округінің әкімдері Құрманғали Байғаржанов, Мірболат Нұржанов, Тимур Ашығалиев сәйкесінше 18, 16, 17 қазан күндері тұрғындар алдына шықпақ.

Соңғы жаңалықтар