09:59, 21 Ақпан 2009 | GMT +5
Батыс Қазақстанда жер қатынасы саласындағы қылмыс үш есеге өсіп отыр
ОРАЛ. Ақпанның 21-і. ҚазАқпарат /Ғайсағали Ералы/ - Батыс Қазақстан облысында жер қатынасы саласындағы қылмыс үш есеге өсіп отыр,
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Облыстық экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаментінің мәліметіне қарағанда, ҚР жер және табиғат қорғау заңдылықтарын бұзушылыққа байланысты 2007 жылы 7 қылмыс жасалса, өткен жылы бұл 21-ге жетті. Сондай-ақ сотқа жолданған қылмыстық істер саны 1-ден 18-ге көтерілді. Мәселен, жеке кәсіпкерге өндірістік база салуға жер беремін деп 200 мың теңге көлемінде пара алған Бөрлі ауданы Березов ауылының әкімі Р.Нармұхамедов бес жылға сотталды. Мұндай былық Орал қаласы төңірегінде де баршылық. Айталық, кезекте тұрмаған адамдарға да оңды-солды жер «үлестірген» Теректі ауданы Подстепный ауылының әкімі Г.Ермеков бір жылға бас бостандығынан айрылды. Сондай-ақ департамент Орал қаласында пәтерлер мен жер телімдерін заңсыз жария етумен айналысқан ұйымдасқан қылмыстық топты да әшкереледі. Бұл топ 20 жер телімін 15 адамға жария ету түрінде заңдастырған. Қазіргі кезде аталмыш топ мүшелеріне қатысты қылмыстық іс қозғалды.