Батыс Қазақстанда «Жол картасына» сәйкес 8859 жаңа жұмыс орны ашылды

ОРАЛ. Қарашаның 27-сі. ҚазАқпарат /Ғайсағали Ералы/ - Батыс Қазақстан облысында «Жол картасы» аясында 79 жобаны жүзеге асыруға 4 млрд. 977 млн. теңге бөлініп, 8859 жаңа жұмыс орны ашылды.

Батыс Қазақстанда «Жол картасына» сәйкес 8859 жаңа жұмыс орны ашылды

Облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетовтің ҚазАқпарат тілшісіне мәлім еткеніндей, облыста жұмыспен қамтудың 2008-2010 жылдарға арналған аймақтық бағдарламасы табысты жүзеге асырылуда, экономикалық белсенді халық саны өсуде. Күні бүгін жұмыссыздық деңгейі 0,7 пайызды құрап, жыл басындағыдан 0,2 пайызға төмендеді. Қарашаның 1-індегі мәлімет бойынша 2397 жұмыссыз есепте тұр.

«Жол картасына» сәйкес 487 облыстық және қалалық кәсіпорынмен келісім-шарт жасалып, ашылған әлеуметтік жұмыс орындарына 4682 адам (соның ішінде жұмыспен қамтудың аймақтық бағдарламасына сәйкес - 1091, «Жол картасы бойынша - 3591) жіберілді, бұл 2008 жылмен салыстырғанда 4 есеге артық. Жастар тәжірибесін ұйымдастыру үшін 621 кәсіпорынмен келісім-шарт жасалып, 2389 адам қамтылса, соның 885-і ауылдық жерлерден болып отыр.