11:37, 25 Желтоқсан 2009 | GMT +5
Батыс Қазақстанда жолаушы тасымалдау 3,8 пайызға көбейіп отыр
ОРАЛ. Желтоқсанның 25-і. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - Батыс Қазақстан облысында биылғы он бір айда жүк тасымалдау көлемі 1188,6 млн. тонна-шақырымды құрады.

Облыстық статистика департаментінен ҚазАқпарат тілшісіне хабарлағанындай, бұл өткен жылғыдан 6,9 пайызға аз. Жыл басынан бері 23564,8 мың тонна жүк тасылса, соның дені немесе 99,1 пайызы автомобиль көлігімен тасылып отыр.
Жолаушылар тасымалы көлемі 3,8 пайызға өсіп, 3459,1 млн. жолаушы-шақырымға жетті. Қарашадағы жолаушы айналымы 368,6 млн. жолаушы-шақырымды құрап, алдыңғы айдан 13,5 пайызға асып түсті.
БҚО әлеуметтік-экономикалық дамуының 2010-2014 жылдарға арналған болжамына сәйкес келесі жылы жүк тасымалдаудағы қызмет көлемі 1,7 пайызға өсіп, 2,6 млрд. теңгеге, ал 2014 жылы13,3 пайызға артып, 3,2 млрд. теңгеге жетеді деп көзделіп отыр.