Батыс Қазақстанда жылыжайлардың іске қосылуы көкөніс бағасының төмендеуіне ықпал етуде
ОРАЛ. 28 маусым. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында тұрғындарды ерте пісетін көкөніспен қамту мақсатында жылыжай шаруашылығын дамыту шаралары базардағы көкөніс бағасының төмендеуіне ықпал етті.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметіне сәйкес өңірде жалпы аумағы 15,3 мың шаршы метрлік 38 жылыжай жұмыс істейді. Оның ішінде ең ірісі - 2000 шаршы метрлік Зеленов ауданының «Алтын Болашақ» ШҚ-ның жылыжайы. Өткен жылы жылыжайлардан 120 тонна көкөніс өнімі алынып, негізінен жабық мекемелер мен базарларға өткізілді.
Ерте пісетін өнім өндірушілердің ірілері - Зеленов ауданындағы «Алтын Болашақ» ЖШС, Бөрлі ауданындағы «Гадельшиева» ЖК-ның, Орал қаласындағы «Автотрансконтракт» ЖШС-ның жылыжайлары.
Облыста сондай-ақ бау-бақша өнімдерін сақтауға да ерекше мән берілуде, күні бүгін сыйымдылығы 33,05 мың тонналық 28 қойма бар. Тек соңғы жылдардың өзінде 15,8 мың тонналық, соның ішінде «Аттис-Орал Агро» ЖШС - 4 мың тонналық, «Предко», «Август» шаруа қожалықтарының әрқайсысында - 2 мың тонналық, «Гудилов» ЖК - 1,4 мың тонналық, «Десумбаев» ШҚ - 2,4 мың тонналық, «Кублей» ЖШС 4 мың тонналық үлгі жобадағы қойма салып алды. Қазір Теректі ауданының «Орал Агро Сервис» шаруа қожалығында сыйымдылығы 4,8 мың тонналық заманауи көкөніс қоймасының құрылысы жүруде.