Батыс Қазақстанда

ОРАЛ. 29 мамыр. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында "Халықтық ІРО" бағдарламасына сәйкес түсіндіру жұмыстары жалғасуда.

Батыс Қазақстанда

Аталмыш мемлекеттік бағдарламаны енгізу жөніндегі топ мүшелері кеше Батыс Қазақстан облыстық телекоммуникация әкімшілігі және «Орал «Зенит» зауыты» АҚ ұжымдарымен кездесті.

Елбасы тапсырмасына сәйкес қолға алынған жоба 2012-2015 жылдарға жоспарланып отыр. Оның мән-маңызы, мақсаттары жөнінде М.Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университеті мәдениет және өнер факультеті деканының орынбасары Саян Ғұсманов әңгімелеп берді.

"Халықтық ІРО" бағдарламасын жүзеге асыруға «KEGOC» АҚ, «Air Astana», «ҚазТрансГаз», «ҚазТрансОйл» сынды ірі компаниялар қатыспақшы. Бағдарлама биылғы 1 қыркүйектен жұмыс жасай бастамақ. Тұрғындар компаниялардың акцияларын сатып ала алады. Дивидендтер сатып алынған акция санына байланысты болмақ.

Мұндағы басты мақсат халықтың ел экономикасының өрге басуына атсалысуы болмақ.

Осындай шара Батыс Қазақстан облыстық статистика департаментінде де ұйымдастырылды.