«Батыс» өңірлік қолбасшылығының үздік жүргізушілері анықталды (ФОТО)

«Батыс» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, «Үздік жүргізуші», «Үздік БТР экипажы» аталымдары бойынша өткізілген байқауға Ақтөбе, Орал, Атырау және Ақтау қалаларынан командалар қатысты. Жиынға «Батыс» өңірлік қолбасшысының орынбасары, полковник Исатай Жәрдемов басшылық етті.
«Батыс» өңірлік қолбасшылығы техника және қару-жарақ бөлімінің бастығы Виталий Мұқатаевтың сөзіне қарағанда, аталмыш шара 2006 жылдан бері ұйымдастырылып келеді. 2013 жылы Ақтау, өткен жылы Атырау қаласында өткізілсе, биыл алғаш рет ақтөбеліктер қабылдап отыр. Үш күнге созылған байқау жеті кезеңнен тұрды. Бірінші күні қатысушылар теориялық білімдерін сарапқа салса, екінші күні Калашников автоматы мен Макаров тапаншасымен нысана көздеді, жалаушалармен басқару деңгейі тексерілді. Үшінші күні қала сыртындағы автодромда жүргізушілер кедергілермен жүріп өтуде барынша көп балл жинауға тырысты.
Байқау қорытындысында Орал қаласындағы 5517-әскери бөлім командасы жалпыкомандалық есепте бірінші орынды еншіледі. Ақтаулық 6656 және 3502-әскери бөлімдер командалары екінші және үшінші орындарды бөлісті. Құрамында аға сержант Асылбек Төреғалиев, механик-жүргізуші, старшина Мұхтар Айтбаев, көздеуші-оператор, қатардағы жауынгер Рахман Нұрланов бар 5517-әскери бөлім экипажы «Батыс» өңірлік қолбасшылығының «Үздік БТР экипажы» атанды. Ал «Үздік жүргізуші» атағын осы бөлімнен сержант Сергей Калентьев жеңіп алды.