Батысқазақстандық балғын шахматшылар Үндістанда өтетін Азия чемпионатына қатыспақ
ОРАЛ. Сәуірдің 13-і. ҚазАқпарат /Ғайсағали Ералы/ - Павлодар қаласында шахматтан 8, 10, 12, 14, 16, 18 жасқа дейінгілер арасында өткен ел біріншілігінен батысқазақстандықтар табыспен оралды,
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Орал қаласындағы №2 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің (директоры Ерден Жанғалиев) шәкірттері он медальға ие болды. Әсіресе, Мәлика Исқақова (8 жасқа дейін, блицтен алтын, рапидтен ? күміс медаль) мен Айсезім Мұхит (12 жасқа дейін, классика мен блицтен екінші орын, рапидтен қола) ерекше көзге түсті. Бұл екеуінің де бапкері ? В.Немчинов. Сондай-ақ Валерий Мин жаттықтыратын Әлихан Ерғалиев (12 жасқа дейін, рапидтен алтын, классикадан қола), Әлібек Егембергенов (14 жасқа дейін, блицтен алтын, классикадан күміс, рапидтен қола) биіктен көрінді.
Біріншілік қорытындысы бойынша Айсезім Мұхит пен Әлібек Егембергенов биылғы тамызда жасөспірімдер арасында Үндістанда өтетін Азия чемпионатына жолдама алды.