Батысқазақстандық балуан И.Ярыгин турнирінде қола жүлдені жеңіп алды
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батысқазақстандық балуан, БҚО ішкі істер департаментінің қызметкері Екатерина Ларионова Красноярск қаласында ерлер мен әйелдер арасында еркін күрестен ХХVІІ халықаралық Иван Ярыгин турнирінде қола жүлдені жеңіп алды.
Департаменттің баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, аталмыш додаға әлемнің алпыс шақты елінен мықты балуандар қатысқан. Е.Ларионова 63 келіге дейінгі салмақта үшінші орынға көтерілді.
Бұл - Екатеринаның биылғы жыл басынан бергі екінші жүлдесі. Мұның алдында Тараз қаласында өткен Қазақстан чемпионатында Е.Ларионова алтын медальді жеңіп алған болатын.
Айта кетейік, әйелдер күресінен 2014 жылғы әлем чемпионатының қола жүлдегері, халықаралық дәрежедегі спорт шебері Е.Ларионованың биылғы басты мақсаты - Рио-де-Жанейро олимпиадасы жолдамасын иеленіп, сонда сәтті өнер көрсету.