Батысқазақстандық денсаулық сақшылары үздіктер қатарында
ОРАЛ. 14 маусым. ҚазАқпарат - Астанада мәреге жеткен медицина қызметкерлері арасындағы республикалық байқау қорытындысында БҚО перинатальдық орталығының қызметкері Светлана Габдрахманова медбикелер ішінен бірінші орынды жеңіп алды.
2004 жылы Батыс Қазақстан медицина колледжін үздік бітірген Светлана сол жылы бұрынғы №3 перзентханаға орналасты. Содан кейін перинаталдық орталықтың аға медбикесі міндетін атқара бастады.
Сонымен қатар аталмыш байқауда Зеленов аудандық ауруханасының жалпы тәжірибе дәрігері Жаннет Бисембаева «Үздік ауыл дәрігері» аталымы бойынша екінші орынды иеленді. Сондай-ақ облыстық көпбейінді балалар ауруханасының дәрігер-реаниматологы Юлия Горячева үздік үштіктің қатарына ілікті.