Батысқазақстандық депутаттар өңір өміріне белсене араласып келеді - М.Құлшар, облыстық мәслихат хатшысы
ОРАЛ. 28 желтоқсан. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облыстық мәслихатының депутаттары Елбасы тапсырмаларына сәйкес өңір алдында тұрған міндеттерді орындауға белсене араласып келеді.
Бұл туралы облыстық мәслихат хатшысы Мәлік Құлшар мәлім етті.
Оның айтуынша, «Қазақстан - 2050» стратегиясының жеті басымдықтан тұратыны белгілі. Біріншісі басты игілігіміз - мәңгілік елімізді XXI ғасыр төріне оздыру болса, екіншісі - ел бірлігі. Қоғамымыздағы тыныштық, әр
түрлі ұлт өкілдері арасындағы татулық - баға жетпес байлығымыз. Оның айқын дәлелін облыстық мәслихат құрамынан да аңғаруға болады. Өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы жолында жұмыла еңбек етіп келе жатқан 29 депутаттың 21-і - қазақ, бесеуі - орыс, екеуі - татар, біреуі - украин. Мәслихатта 6 депутатты біріктіретін «Ынтымақ» депутаттық тобы жұмыс істейді. Оған Қазақстан халқы облыстық ассамблеясының құрамындағы татар этномәдени бірлестігінің төрағасы, депутат Ришат Хайруллин жетекшілік етеді.
№13 Қаратөбе сайлау округінен сайланған Нұржан Камалов - тындырымды ісімен халық көңілінен шығып жүрген депутаттардың бірі. Ол облыстық атқарушы органдармен бірлесіп, сайлаушылардың тілектерін орындау бағытында көптеген мәселелердің шешілуіне атсалысуда. 2012 жылы Үшағаш ауылында 108 орындық мектеп салынса, Қаратөбе ауданының Үшағаш, Соналы, Қалдығайты ауылдарына газ өткізілді. Биыл Қалдығайты ауылында 200 орындық мәдениет үйінің іргетасы қаланды.
Бөрлі ауданының №4 Ақсай сайлау округінен сайланған Тілек Шектібаевтың іскерлігін ескерусіз қалдыруға болмас. Ол 2 мыңға жуық адам қызмет жасайтын «Ақсайгазсервис» АҚ-ны басқарады. Ақсай қаласының көкейтесті мәселелерінің шешілуіне белсене атсалысады. 2012 жылы «Ақсайгазсервис» АҚ «Үздік әлеуметтік жауапкершілікті мекеме» аталымы бойынша республикалық «Парыз» сыйлығына ие болды.
№10 Гагарин сайлау округінен (Орал қаласы) депутат Вячеслав Чавкин - «Гидромаш - Орион» инвестициялық компаниясы» ЖШС-ның бас директоры. Өз округі бойынша жолдарды жөндеу, көшелерді жарықтандыру, аулаларды абаттандыру туралы мәселелерді өткір көтереді. Ол басқаратын компания Харьков ұлттық аэрокосмостық университетіне 24 түлекке грант беріп, қазір осы оқу орнын бітірген 10 адам компанияда еңбек етуде.
Белсенді депутаттың бірі, №14 Жымпиты сайлау округінен сайланған Ғабдрахим Жаңбырбаев Сырым ауданы тұрғындарын ауыз сумен қамтудағы, елді мекендерді газдандыру, шағын және орта бизнесті дамытудағы аумақтық бағдарламалардың іске асырылуына тікелей атсалысып келеді. 2012 жылы Сырым ауданы орталығы Жымпиты ауылында саз мектебі салынса, биыл Қ.Мырза Әлі атындағы орта мектеп күрделі жөндеуден өткізілді.
Сол сияқты №10 Переметный сайлау округінен сайланған депутат, «Валентина» ШҚ жетекшісі Валентина Каркула. Екі жылда өз округі бойынша Көшім ауылында дәрігерлік амбулатория, Переметный ауылындағы балабақша, музыка мектебінің күрделі жөнделуіне белсене атсалысты.
№7 Жәнібек сайлау округінен депутат Ескендір Елемесов - «Әлем» ШҚ жетекшісі. Ол мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асырылуына белсене қатысуда. Бұл шаруа қожалығы ірі қара мал мен жылқы өсіретін асыл тұқымды шаруашылық мәртебесіне ие. ҮИИД бағдарламасы бойынша өз қаражаты есебінен 2012 жылы мың бас ірі қара малына есептелген бордақылау алаңының құрылысын аяқтады. Кезінде депутат ретінде Алматы облысы, Қызылағаш ауылындағы су тасқынынан, өңірдегі Рыбцех ауылындағы жер сілкінісінен зардап шеккендерге қаржылай қомақты көмек көрсеткен азаматтардың бірі. Басқа да халық қалаулылары жөнінде осындай мысалдарды көптеп келтіруге болады.
2012 жылы №9 Энергетик (Орал қаласы) сайлау округінен сайланған депутат ретінде айтарым, мұнда да барлық округтегідей шешімін күткен мәселелер баршылық. Олар: жолдардың күрделі жөндеу қажеттілігі, балалар алаңдарын салу, аулаларды және көшелерді жарықтандыру, көп қабатты тұрғын үйлердің лифттерін жөндеу және т.б. Округте 3 орта мектеп, 1 колледж орналасқан. Олардың ішінен №8 мектеп-лицей күрделі жөндеуді қажет етеді. 2014 жылы бұрынғы жасалған, алайда мерзімі өтіп кеткен ЖСҚ-на өзгеріс енгізіліп, жөндеуге қаражат көздері іздестірілуде.
Алдағы жылы 7 наурызда мәслихаттардың алғашқы сайлауы өткеніне 20 жыл толады. Жыл өткен сайын мәслихаттардың ролі күшейіп келеді. Қазақстан Республикасы Президентінің 2013 жылғы 3 желтоқсандағы №704 Жарлығымен мәслихаттың үлгі регламенті бекітілді. Бұл регламент барлық деңгейдегі мәслихаттар үшін негізгі құжат болып саналады.
Бұрынғы регламентпен салыстырғанда, жаңа үлгідегі регламентте көптеген өзгерістер бар. Ол өзгерістер депутаттардың алдына жаңа жауапкершіліктер жүктеп отыр десек те болады. Қысқаша тоқтала кетер болсам, осыған дейін күн тәртібіне ұсынылатын мәселелер ресми түрде келіп түскен мәселелерден басқа тұрақты комиссиялар ғана ұсынатын болса, енді сессияның күн тәртібіне ұсыныстарды сессияның төрағасына, жергілікті қоғамдастықтың жиналыстары, қоғамдық ұйымдар ұсынуы мүмкін. Сондай-ақ сессияға енгізілетін мәселелерді сапалы дайындау үшін мәслихат хатшысы сессияны дайындау жөніндегі іс-шаралар жоспарын әзірлеуді уақтылы ұйымдастырады, оны тиісті аумақтың әкімімен келісім бойынша сессия төрағасы бекітеді. Сонымен бірге осыған дейін шешім жобалары тұрақты комиссияларда ғана қаралатын болса, енді шешімдердің жобаларымен жұмыс істеу және басқа да мәселелерді дайындау үшін тұрақты комиссиялар жұмыс топтарын құра алады. Шешімдердің баламалы жобаларын мәслихат және оның органдары негізгі жобамен бірге қарайды.
Енді аумақтарды әлеуметтік-экономикалық дамыту бағдарламаларының, олардың орындалуы туралы есептердің, аумақты басқару схемаларының жобалары және мәслихат сессиясының қарауына шығарылатын басқа да мәселелер жөнінде айтар болсақ, олар бойынша шешімдердің тиістілігіне қарай келісу бұрыштамалары қойылған, барлық қажетті материалдары қоса берілген қазақ және орыс тілдеріндегі жобалары мәслихатқа кезекті сессияға дейін үш апта бұрын мәслихаттың тұрақты комиссияларының қарауына енгізіледі.
Тұрақты комиссиялар уақытша жұмыс тобының пікірін ескере отырып, тиісті негіздемелермен және есептермен тиісті аумақ бюджетінің жобасы бойынша ұсыныстар әзірлейді және оларды ұсыныстарды жинау мен тиісті аумақ бюджетінің жобасы бойынша қорытынды әзірлеуді жүзеге асыратын бейінді тұрақты комиссияға жібереді.
Бюджеттік жоспарлау жөніндегі жергілікті уәкілетті орган сессия басталуынан кемінде екі апта бұрын сессия төрағасына, мәслихаттың хатшысына барлық қажетті материалдармен бірге бюджет туралы шешім жобасының түпкілікті нұсқасын ұсынады.
Мәслихат та жылына кемінде бір рет халық алдында мәслихаттың атқарған жұмысы, оның тұрақты комиссияларының қызметі туралы есеп береді.
«Қорыта айтқанда, облыстық мәслихат депутаты болып сайлану - тұрғындардың зор сеніміне ие болу ғана емес, сонымен қатар үлкен жауапкершілік. Мұны батысқазақстандық депутаттар да ешқашан естен шығармақ емес», деп түйіндеді сөзін М.Құлшар.