Батысқазақстандық ғалымдар латын қарпіне көшу мәселесін талқылады
ОРАЛ. ҚазАқпарат - М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінде ғалымдар мен зиялы қауым өкілдері бас қосып, қазақ тілінің латын қарпіне көшу мәселесін талқылады, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.
Онда университет ректоры, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Асхат Иманғалиев бұл мәселенің маңыздылығына тоқталды.
Оның айтуынша, бұл - уақыт талабы және қазақ қоғамына латын қарпі бөтен емес. Екінші дүниежүзілік соғысқа дейін барлық жазу осы қаріпте жүргізілген болатын. ҚР Білім және ғылым министрлігінің шешімімен батысқазақстандық үш бірдей ғалым осы мәселе бойынша сарапшы болып белгіленді. Олар - филология ғылымдарының кандидаты Ғұмар Аронов, филология ғылымдарының докторы, доцент Ғабит Хасанов және педагогика ғылымдарының докторы, профессор Абат Қыдыршаев.
Жиында олар да өз пікірлерімен бөлісті.
«Таяуда ҚР Парламенті Мәжілісінің отырысында латын әліпбиінің бірыңғай нұсқасы таныстырылған болатын. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ҚР Президенті жанындағы Қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасын іске асыру жөніндегі ұлттық комиссияның жұмыс тобының ұсыныстары талқыланған жиынға біз де қатыстық. Аталған жиында бұл мәселеде асығуға да, кешігіп қалуға да болмайтыны баса айтылды. Елбасымыздың латын қарпіне көшуді дәл осы кезеңге сәйкестендіруі тегін емес. Қазақстандықтар бұл жағдайды әлеуметтік желілерде қызу талқылауда. Байқасақ, олардың көпшілігі латын әліпбиіне көшуді қолдап отыр», - деді басқосуға қатысқан облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Бақытжан Нарымбетов.
Сондай-ақ облыстық тілдерді дамыту басқармасының басшысы Айгүл Мыңбаева, халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы облыстық филиалының төрағасы Болат Жексенғалиев және өзге де мамандар әліпбидің жаңа нұсқасы жөнінде өз ойларын ортаға салды.
«Қазақ тілінің табиғатына лайық, қазақ тіліне қызмет ететін әліпбиді міндетті түрде таңдап аламыз. Осылайша бірінші мақсат анықталды. Екінші мәселе қазақ тілінің төл әріптерін болашақ әліпбиге қалай беретіндігімізде. Егер тілімізге жаңарту енгізсек, тек қана латын графикасында бар әріптерді ғана пайдаланып, одан артық әріпті қолданбау ұсыныстары бар. Бұл жағынан бәрі ескерілген. Егер тілімізді жаңартатын болсақ, қазіргі қолданыстағы сөздерге қатысты түйінді мәселелер бар. Өзге тілдерден енген «тауар», «зауыт», «пошта» секілді бір топ сөздерді қазақ тілінің үлгісімен жаза бастадық та, «конституция» секілді сөздер орыс тілінің үлгісінде қалды. Бұларды біз қазір шешіп, жаңа әліпбиге жүк қылмауымыз керек. Бұл жерде айқындық қажет. Жалпы халықаралық тіл ғылымында сөз бір тілден екінші тілге ауысса да, еш уақытта дыбыс ауыспайды деген қағида бар. Кез келген сөз әр тілдің өзінің ішкі жандылығына сәйкестендіріп жазылады. Тілдің ұлттық коды дегеніміз - дыбыстық жүйесі. Мәселен, акцент деген бар. Грузиндер орысша сөйлегенде өзінің акцентімен сөйлейді. Соны мақтаныш тұтады. Өйткені олардың ұлттық коды тілінің дыбыстық жүйесін білдіріп тұр. Тілімізді асыл қалпында кейінгі ұрпаққа жеткіземіз десек, бізге реформалау сөзсіз керек. Алайда тек әліпбиді ауыстыра салу емес, емле ережелеріне жөнді өзгерістер енгізу қажет. Қазақ тілі өте бай тіл. Ағылшын тілінде алты дауысты дыбыс болса, біздің тілде тоғыз. Дауысты дыбыс дегеніміз - үн, гармония, музыка. Осындай ғажап тілімізбен кез келген сөзді қолдана аламыз және оны айту арқылы жаза да аламыз», - деді Болат Жексенғалиев.
Жиынға қатысқан ғалымдардың ұсыныс-пікірлері ҚР Парламенті Мәжілісіне, ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитетіне жолданатын болады.