Батысқазақстандық қазақ театры Ақтөбеде гастрольдік сапармен болмақ
ОРАЛ. 18 наурыз. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театры 25-30 наурыз аралығында гастрольдік сапармен Ақтөбе қаласында болмақ.
Театр директоры Құжырғали Төлеуішевтің айтуынша, ақтөбелік көрерменнің назарына «Әпке», «Ғашықсыз ғасыр», «Болмаған оқиға», «Ханума» секілді алты қойылым ұсынылмақ.
Өз тарихында тұңғыш рет Ақтөбеге өнер сапарымен баратын театр труппасында Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Сердеш Қажымұратов, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Қарлығаш Асқарова, сондай-ақ Боранбай Молдабаев, Бибігүл Есәлиева, Мұсағали Бектенов сынды сахна шеберлері бар.
Алдағы уақытта мұндай шаралар дәстүрге айналмақшы.