11:40, 11 Желтоқсан 2012 | GMT +5
Батысқазақстандық кеденшілер ел бюджетін 19,1 млрд. теңгеден астам сомаға толықтырды
ОРАЛ. 11 желтоқсан. ҚазАқпарат - БҚО бойынша кедендік бақылау департаментінің қызметкерлері жыл басынан бері мемлекет бюджетіне 19 млрд. 135 млн. теңге кедендік төлемдер мен салықтардың аударылуын қамтамасыз етті.

Департаменттің баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, ҚР Қаржы министрлігінің болжамды тапсырмасы 101 пайызға орындалды. Департаменттегі 164 қызметкердің әрқайсысына орта есеппен 114 млн. астам теңгеден келеді. Кедендік заңдылықтарды бұзушыларға қатысты 17 қылмыстық, 106 әкімшілік іс қозғалды.
12 желтоқсанда аталып өтілетін кеденшілер мерекесіне орай аталмыш департаментте қоғамдық-кеңес беру кеңесінің биылғы соңғы отырысы өтіп, онда осы табыс-жетістіктер мәлім етілді. Қоғамдық ұйымдар, шағын және орта бизнес, кәсіпорындар өкілдері қатысқан мәжілісте кеденшілер кедендік рәсімдеудің жолдарын түсіндіріп, озық әдіс-тәсілдерді тілге тиек етті. Өзекті мәселелер бойынша ашық пікір алмасылды.