Батысқазақстандық құрылысшылар төл мерекелерін жақсы табыстармен қарсы алып отыр
ОРАЛ. 11 тамыз. ҚазАқпарат - Құрылысшылар жыл сайын тамыздың екінші жексенбісінде өздерінің кәсіби мерекесі - Құрылысшылар күнін атап өтеді. Батысқазақстандық құрылысшылар да төл мерекелерін жақсы табыстармен қарсы алып отыр.
Биыл өңірге мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасы бойынша 2925 млн. теңге бөлінді. Бүгінде Орал қаласының жаңа шағынаудандарында көппәтерлік 8 үйдің құрылысы жүруде.
Облыстық құрылыс басқармасының бастығы Нұрлан Мырзағалиевтің айтуынша, мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасы бойынша 2012 жылға республикалық бюджеттен 2925 млн. теңге бөлініп, 8 көппәтерлік үйдің құрылысы жүруде. Осы бағдарлама бойынша 2013-2020 жылдары республикалық бюджеттен 95,5 млрд. теңге бөлініп, соның нәтижесінде 8 жылда 30 мыңға тарта азаматтар өз тұрғынжай жағдайларын жақсартады деп жоспарланды. Мұның барлығын іске асыру мақсатында облыста қуаттылығы жылына 50 мың шаршы метр ірі панельді және каркасты-панельды құрылғы дайындайтын зауыттың құрылысы шешілді. Бұл - бәсекелестіктің арта түсуіне, негізсіз құрылыс материалдарының құнын көтеруге жол бермеуге және жаңа құрылыстардың тың сәулеттік келбетін қалыптастыруға бағытталған шаралардың бірі.
Күллі еліміздегідей, өңірде де «Қолжетімді баспана - 2020» бағдарламасын іске асыру жұмыстары басталды. Үй кезегінде тұрған азаматтарға жайлылығы 4-классты коммуналдық (жалға берілетін) тұрғын үй құрылысы үшін 442,3 млн. теңге бөлінген. Бұл қаржыға Орал қаласында екі 75 пәтерлік және Ақсай қаласында бір 75 пәтерлік үй құрылысы басталып, 2013 жылы аяқталады деп жоспарланған. Ал жас отбасылары үшін жайлылығы 3-классты коммуналдық (жалға берілетін) үй құрылысына 663,5 млн. теңге бөлінді. Бұған Орал қаласынан төрт 90 пәтерлік және Ақсайдан бір 90 пәтерлік тұрғын үй құрылысы басталады. Бұл бес үйдің құрылысы алдағы жылы аяқталып, пайдалануға беріледі.
Сонымен қатар жаңа шағын аудандарды абаттандыру және инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымын жүргізуге республикалық бюджеттен 2125 млн. теңге бөлінді. Осы есепті мерзім ішінде бұл мақсатқа бөлінген жоспарлы 1100 млн. теңгенің 1035,3 млн. теңгесі, яғни 94 %-ы игеріліп отыр.
Облыста тұрғын үй құрылысы жинақтау желісі арқылы банк салымшыларына жайлылығы 3-классты үш 90 пәтерлік тұрғын үй нысаны тапсырылады деп күтілуде. Өткен жылы Орал қаласындағы 5-шағынаудандағы осы үш үйдің құрылысын бастаған «Әлім», Алтим», «Домостроитель» компанияларының құрыш қолды құрылысшылары құрылыс жұмыстарын сапалы орындап, нысандарды мерзімінде тапсырмақ.
Тұрғын үй құрылысы бағдарламасы бойынша биыл облысқа республикалық бюджеттен 6,7 млрд. теңге шамасында несие және трансферттер бөлінді. Жыл соңына дейін 52,3 мың шаршы метр несиелік және 8,4 мың шаршы метр коммуналдық (жалдамалы) тұрғын үй салып, тапсыру көзделіп отыр. Жеті ай ішінде 3,1 млрд. теңге игеріліп, жеті айлық жоспар 97 пайызға орындалды.
Әлеуметтік нысандар құрылысы да ойдағыдай. Биыл бірінші жартыжылдықта республикалық бюджет есебінен облыс аумағында үш емхана: Орал қаласындағы Зашаған кентіндегі ауысымына 250 адам қабылдайтын, Ақсай қаласындағы 500 адамға арналған және Жаңақала ауданы орталығындағы 250 адамды қабылдайтын емханалардың құрылысы басталды. Осындай қаржы көзі есебінен білім беру саласында да жаңа нысандар құрылысы жүруде. Жәнібек ауданындағы Қамысты ауылында 300 орындық, Оралдағы 5-шағынаудандағы 1200 орындық мектептер құрылысы қарқын алған. Сонымен қатар Бөрлі ауданының Қызылтал ауылында 320 орындық, Теректі ауданының Подстепный ауылында 290 балаға арналған балабақшаларының құрылысы аяқталды.
Ал екінші жартыжылдықта облыстық бюджет есебінен үш балабақша іске қосылады. Біріншісі Қаратөбе ауданының Қаратөбе ауылындағы және Тасқала ауданындағы бұрынғы мектеп-гимназия ғимаратын балабақшаға лайықтау, реконструкциялау жұмыстары жүруде. Бөкей ордасы ауданының Сайқын ауылында 290 орындық балабақша құрылысы аяқталды. Одан басқа Теректі ауданының Федоровка ауылында дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы биыл бітуі тиіс. Зеленов ауданындағы Янайкин ауылында туризм бағытындағы арнайы қонақ үйдің құрылысы жүруде. Биылғы тамыз айында әлеуметтік нысандар құрылысына бөлінген қаражаттың 37 пайызы игерілді.
Құрылыс-монтаждау жұмыстарымен қатар жобалық-сметалық құжаттамалар дайындалуда. Облыстық клиникалық емхананың терапия кешені ғимаратына томография бөлімінің қосымша құрылысы салынатын болды. Аталмыш жұмыстың жобалық құжаттамасын дайындауға 36397 мың теңге бөлінді.