Батысқазақстандық майдангер, білім саласында жарты ғасыр еңбек еткен М.Өтешов жүз жасын атап өтті
ОРАЛ. 10 қаңтар. ҚазАқпарат - Биылғы 1 қаңтарда 100 жасқа толған Сырым ауданында тұратын майдангер Мырзахмет Өтешов ауылдастары, тума-туыстары, ұрпақтарының ортасында осынау мерейтойын атап өтті.
- Биыл 100 жасқа толдым. Бір ғасырлық өмірімде жақсыны да, жаманды да көрдім. Кешегі қиын-қыстау уақытта жасаған еңбегімізді Елбасымыз бен Үкіметіміз бағалап, жақсы атақтарын да, үй-жайын да берді. Денсаулығымыз дәрігерлердің бақылауында, керек кезінде ем-домын да алып тұрамыз. Ел-жұртым, бала-шағам дін аман, солардың ортасында шалқып отырмын, адамға бұдан артық қандай бақыт керек!? - дейді ардагер.
Кедей шаруаның отбасында 1913 жылы бұрынғы Жымпиты уезінің 3-ауылында өмір есігін ашқан Мырзахмет Сыдықұлы ауыл балаларымен бірге мектепте бес жыл оқығаннан кейін Орал қаласына келіп, мұғалімдер даярлайтын инстуттың даярлық бөліміне түсті.
Бір жылдан кейін ол сынақ қорытындысы бойынша А.Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтына қабылданды. Бұл 1932 жыл болатын. Ол кезде жоғары білімді мамандар қасқалдақтың қанындай тапшы еді. 1936 жылы институтты бітірген жас маманды оқу бөлімі бірден сол кездегі Гурьев облысының Маңғыстау ауданына қарасты Маңғыстау ауылындағы С.Киров атындағы орта мектепке ұстаздық қызметке жіберді. Аталған мектепте үш жыл қазақ тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі болған Мырзахмет Сыдықұлы 1939 жылы сол мектептің оқу ісінің меңгерушісі қызметіне тағайындалды. Ұстаздық қызметке белсене кіріскен жас жігіттің жоспарын ойда жоқта басталған Екінші дүниежүзілік соғыс бұзды. Алғашқы шақырылымнан броньмен қалған мұғалім жігіт 1942 жылдың сәуір айында майданға қайта шақырылды. Еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған өзі қатарлас жігіттермен бірге майдан даласына жеткен ол әскери басшылардың шешімімен Ленинград әскери-саяси училищесіне оқуға аттанады. Осы жерде 7 ай оқығаннан кейін Мырзахмет Өтешов 1197-атқыштар полкінің №360 атқыштар дивизиясына жіберілді. Мұнда ол рота командирінің саяси бөлім бойынша орынбасары міндетін атқарды. Әскери қызметке машықтанған жоғары білімді маман командирмен бірге ротадағы жауынгерлерді алдағы қиын шайқастарға даярлады. Жеңіске жетудің маңыздылығын айтып, қаруластарын қайрап, жақсы күнге деген олардың сенімін арттырды, талай қанды шайқаста топ бастап, жауынгерлерге үлгі болды.
1943 жылдың тамыз айында 1197-атқыштар полкінің құрамында жүрген оны басшылар Асино әскери-саяси училищесіне оқуға жіберді. Мырзахмет Сыдықұлы аталмыш училищеде 1944 жылдың маусым айына дейін оқып, саяси білімін жетілдірді. Бұдан кейін ол №213 атқыштар полкінің №56 атқыштар дивизиясына жолданып, рота командирі міндетін мінсіз атқарды. Рота жігіттерімен бірге от пен оқтың нағыз ортасында жүрген ол кезекті бір шайқаста басынан ауыр жараланып, Ригадағы №162 госпитальға түседі. Бұл 1945 жылдың ақпаны болатын. Осы жерде екі айдай емделген жас жігіт жарақатынан біржолата айығып кете қоймайды. Оған әлі де дәрігердің бақылауында болу қажет еді. Сол себепті ол бұрынғы №213 атқыштар полкіне қаншама қайтып оралғысы келгенімен, денсаулығына байланысты басшылық оған рұқсат бермеді. Сөйтіп, Мырзахмет Сыдықұлы Бело-Литовск әскери округіндегі сардарлық құрамның №42 жеке полкіне ауыстырылды. Бұл жерде ол қосымша атқыштар ротасының командирі қызметін атқарды. Басынан алған ауыр жарақаты қайта-қайта мазалай берген соң, майдангер жігіт қайтадан дәрігер көмегіне жүгінуге мәжбүр болды. Сөйтіп, сәуір, мамыр айларында Рига қаласындағы №3554 эвакуациялық госпитальда жатып, тағы емделді. Ұлы Жеңісті Рига госпиталінде қарсы алған жауынгер тәуір болғасын, қайтадан №42 жеке полкіне қарасты атқыштар ротасына басшылық жасады. Калинин және Ленинград майдандарында жүріп, қаруластарының рухын көтеріп, жеңісті жақындатқан жауынгер ерлігі атаусыз қалған жоқ. Мырзахмет Сыдықұлы екінші дәрежелі Ұлы Отан соғысы орденімен, бірнеше медальдармен марапатталды.
Сөйтіп, 1945 жылдың маусым айында елге аман-есен оралған Мырзахмет Өтешов тамыз айынан бастап ұстаздық қызметіне қайтадан кірісті.
1951 жылға дейін Жымпиты орта мектебінде мұғалім, одан кейін Бұлдырты орта мектебінде директорлық қызмет атқарған Мырзахмет Сыдықұлы зейнет жасына жеткенше ағарту саласында үзбестен 50 жыл жұмыс істеді. Осы жылдар ішінде ол адал еңбегі үшін Үкімет тарапынан көптеген марапаттауларға ие болды, оқу-ағарту ісінің үздігі атанды. Ұстаздық еткен жылдары ол қазақтың біртуар ақыны Қадыр Мырзалиевті де оқытыпты. Майдангер қарттың еліне сіңірген еңбегі бағаланып, бұдан біраз уақыт бұрын оған Сырым ауданының құрметті азаматы атағы берілді.
100 жастағы майдангер бүгінде тамырын тереңге жайған алып бәйтерек секілді. Бүгінде өзінің 12 баласынан тараған немере, шөбере, жиен-жиеншарлар мен шөпшектердің өзі бір қауым ел болып қалды. Зәуре әже екеуі бүгінде солардың ортасында шалқып-тасып, бақытты өмір сүруде.