09:57, 05 Наурыз 2009 | GMT +5
Батысқазақстандық оқушылар республикалық ғылыми жобалар жарысынан олжалы оралды
ОРАЛ. Наурыздың 5-і. ҚазАқпарат /Ғайсағали Ералы/ - Батысқазақстандық оқушылар Алматы қаласында өткен республикалық ғылыми жобалар жарысынан олжалы оралды,
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Орал қаласындағы дарынды балаларға арналған облыстық мамандандырылған мектеп-интернаттың оқушысы Дәурен Сағынғалиев бірінші дәрежелі дипломмен марапатталса, Зеленов ауданы Переметный орта мектебінің шәкірті Майя Кашапова екінші орынды еншіледі. Олардың екеуі де болашақта ЖОО-ға түсуге мүмкіндік беретін грантты иеленді. Дәурен Алаш қозғалысының көрнекті қайраткері, Мемлекеттік думаға екі рет депутат болып сайланған Бақтыгерей Құлмановты зерттесе, Майя саяси қуғын-сүргінге ұшыраған неміс халқының тағдырын елеп-екшеген.
Аталмыш сайысқа БҚО-дан барлығы бес оқушы қатысты.