Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Батысқазақстандық өнертапқыш ойлап тапқан жылжымалы қасапхана малды халал сойып, қалдықсыз өңдейді

ОРАЛ. Тамыздың 25-і. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - Батысқазақстандық өнертапқыш Хайролла Исмағұлов ойлап тапқан жылжымалы қасапхана малды халал сойып, қалдықсыз өңдейді,

Батысқазақстандық өнертапқыш ойлап тапқан жылжымалы қасапхана малды халал сойып, қалдықсыз өңдейді

деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оның айтуынша, аталмыш қондырғы малды адал союға мол мүмкіндік береді. Әзірге облыс түгілі, елімізде тұңғыш жасалып отырған бұл қондырғының ұтымды жақтары көп. Әсіресе, бүгінгі таңда малды соятын арнайы пункттер туралы, яғни жер-жерде малдәрігерлік талаптарға сай келетін сойыс орындарын ашу міндеттеліп жатқанда бұл қондырғының маңызы арта түсетіні өзінен-өзі белгілі.

Жылжымалы қасапхана бір ауысымда 25 бас ірі қараны, 50 бас уақ малдарды сойып бере алады. Мұндай қондырғылар Германияда, Ресейде бар. Бірақ олар малды тек бауыздап, бұтарлайды да қояды. Исмағұлов «қасапханасының» олардан ең басты артықшылығы - алғашқы өңдеуден өткізіп, мал иесінің қалауына қарай бұтарлап, сосын ішек-қарнын тазалап береді. Қасапхана ауылдық жерлерде пайдалануға өте қолайлы. Барлық жұмыс көтеріп-түсіретін механикаландырылған қондырғылармен атқарылады. Жылжымалы қасапхананы шұжық шығаратын немесе ет комбинаттарының қасына қойып пайдалана беруге де болады. Қасапхананың бүкіл жабдығы бір тіркемеге сыйып кетеді. Үлкен жүк машинасына тіркелетін ол барған жерінде тез құрастырылады.

Исмағұловтың «қасапханасына» қазірдің өзінде қызығушылық танытушылармен бірге сатып алуға ниеттенушілер де баршылық. Орынбордан, Башқұртстаннан, Солтүстік Қазақстаннан, Ақтаудан хабарласып жатқан көрінеді.

-Әрине, біз Америка ашып отырған жоқпыз, осыған ұқсас қондырғылар бұған дейін де шығарылған. Мысалы, көрші Ресейде шығарылған, немістерде де бар. Бірақ олар қымбат, 60-70 мың еуро тұрады. Біздің қондырғы одан әлденеше есе арзан. Сосын біздің жергілікті жерімізге, жол жағдайына, ауа райына қарай барлық ерекшеліктер ескеріліп жасалған. ҚР Әділет министрлігі Зияткерлік меншік құқығы комитеті биылғы шілденің 25-інде өнертабысымызды мақұлдап, Ғали Молдағалиев екеумізге авторлар ретінде инновациялық патент берді.

Осы күндерде жылжымалы қасапхананы облысымызда Теректі ауданы бірінші болып алайын деп жатыр. Біз қондырғыны өзіміз апарып сынақтан өткізіп, қосып береміз. Қондырғының ақаусыз жұмыс істеуіне он жылға дейін кепілдік береміз, - дейді Хайролла Исмағұлов

Жылжымалы қасапхананы монтаждап, құрастырған «Теплогазсервис» ЖШС. Бұл серіктестік тасымалданатын бу қазандарын, газ қондырғыларын құрастырып, орнатумен шұғылданады. Тәжірибе алмасу бағытында Италияның Вирона қаласындағы зауытта болып қайтқан. Өздерінің сапалы жұмыстарының арқасында серіктестік итальяндық «ICI Caldaie SPA» компаниясының сертификатына ие болыпты. Тапсырыс берушінің жұмысын айтқан уақытында орындаған серіктестік директоры Жанболат Сәрсенғалиев: - Жылжымалы сойыс қондырғысын екі айда құрастырып бітірдік. Дәнекерлеу, құрастыру, слесарьлық жұмыстарымыз тапсырыс берушінің ойынан шықты. Алдағы уақытта да тапсырыстар түсіп жатса, бірігіп жұмыс істейміз деген ойымыз бар. Менің сырт көз ретінде айтарым, ең алдымен қондырғының сенімділігі, қолдануға қарапайымдылығы. Сосын оған тек қана жергілікті материалдар пайдаланылды. Бұл күні ертең бұзылған тораптарын алыстан іздемей-ақ ауыстыра қоюға мол мүмкіндік береді әрі арзанға түседі, - дейді.