Батысқазақстандық полицейлер нысана көздеуден жақсы нәтиже көрсетті
ОРАЛ. 17 қыркүйек. ҚазАқпарат - Павлодар қаласында ішкі істер бөлімшелері арасында әскери қарудан нысана көздеуден өткен ҚР ІІМ мен «Динамо» спорт қоғамы чемпионатынан батысқазақстандық полицейлер олжалы оралды.
БҚО ішкі істер департаментінің баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, жарысқа ел өңірлерінен барлығы 17 команда қатысты. БҚО полицейлерінің құрамасына облыс жеңімпаздары Бауыржан Оспанов, Вадим Бекчентаев, Едірес Зейнуллин, Шолпан Рашитова кірді. Олар АК-74 автоматы мен Макаров тапаншасынан нысана көздеуден сынға түсті. Әсіресе, Бауыржан Оспанов Макаров тапаншасынан нысана көздеуден ең көп ұпай жинады. Соның нәтижесінде БҚО құрамасы жалпыкомандалық үшінші орынды иеленіп, кубок, диплом, бағалы сыйлықтармен марапатталды.