Батысқазақстандық спортшылар Елбасы Жолдауын нақты іспен қолдайды - М.Оңдағанов

РАЛ. Ақпанның 10-ы. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - Батысқазақстандық спортшылар Елбасы Жолдауын нақты іспен қолдайды.

Батысқазақстандық спортшылар Елбасы Жолдауын нақты іспен қолдайды - М.Оңдағанов

Осы мақсатта ақпанның 13-і, сенбі күні Оралдағы қалалық мәдениет және демалыс саябағында бір мың спортшы сайысқа түспек. Айтулы шараға облысымыздан сайланған ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары да қатысуға ықылас танытып отыр. Бұл туралы Батыс Қазақстан облыстық туризм, дене шынықтыру және спорт басқармасының бастығы, белгілі спортшы-бапкер Мүсілім Оңдағанов мәлім етті.

Оның айтуынша, Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың жыл сайынғы Қазақстан халқына арнаған Жолдауларында кәсіби және бұқаралық спортты дамытуға, дене шынықтыру мәселелеріне айрықша назар аударылады. Алдағы жылы Астана мен Алматы қалаларында байрақты бәсеке - Қысқы Азия ойындары өтпекші. Көптеген жаңа спорт нысандары салынуда. Қос астанадан басталған спорттағы серпін республиканың өзге өңірлеріне де жұғысты болуы тиіс. Мұны Президент биылғы Жолдауында ерекше атап көрсетті.

"2011 жылғы Қысқы Азия ойындары үшін біз дайындап жатқан спорттық инфрақұрылымдар өңірлерді Астана мен Алматыдан қалып қоймауға итермелей отырып, бұқаралық дене шынықтыру-спорттық қозғалысын дамыту үшін қажетті алғышарттар жасайтын болады. 30 пайызға дейінгі қазақстандықтар бұқаралық спортқа тартылуы керек", - деді Елбасы.

Жалпы, Қазақстанда спортқа деген жанашыр көзқарас кеше ғана басталған жоқ. Егемендік алған тұстан бері жылма-жыл Әнұранымызды асқақтатып, көк байрағымызды биіктен желбіреткен спортшылардың жағдайы жақсарып келеді. Жеңіске жетсе, қомақты қаржылай жүлдесі, басқа да материалдық игіліктері дайын. Бұған, бір жағынан, Елбасының жеке өзінің спортқа сүйіспеншілігі де оң ықпал еткені даусыз. Уақытының тығыздығына қарамастан Нұрсұлтан Әбішұлы үлкен теннис ойнайды, Шымбұлақта шаңғымен сырғанайды, қазақтың ата дәстүрімен атқа мінеді. Аяқдоптан Қазақстан құрамасының жауапты ойындарын көрермен ретінде тамашалайды. Бұл - үлкенге де, кішіге де үлгі-өнеге. Мемлекетке мықты, дені сау ұлт керектігін іспен дәлелдеудің жарқын көрінісі.

Елбасының саясатын аймақтарда тікелей жүзеге асыруға бірінші кезекте жауапты тұлға ол, әрине, облыс әкімі. Осы орайда Ақ Жайық спортының айы оңынан туып, биік белестерді бағындыруына Бақтықожа Ізмұхамбетовтің үлкен үлесі бар екендігін айтқан абзал. Облыс басшысының тікелей қолдауы арқасында өңірде спорттың материалдық базасы болсын, қаражат мәселесі болсын бәрі уақытында, еш кедергісіз шешілуде. Аудандарда спорт нысандары күрделі жөнделіп, кісі қызығатындай кейіпке енуде. Екі жыл бұрын облыс әкімінің бастамасымен қолға алынған мемлекеттік қызметкерлер арасындағы облыстық спартакиада осымен биыл үшінші рет өткізіледі. Ол бұқаралық спортты насихаттауға көмектесетін мазмұнды жарысқа айналды.

Облыста халықтың түрлі топтары спортпен қалаған уақыттарында және қалағандарынша, ең бастысы, бір тиын төлеместен тегін шұғылдана алады. Кейбір облыстарда спорттық нысандар жекеге сатылып кеткен. Ал Батыс Қазақстанда оған жол берілген жоқ, барлық нысандар мемлекет меншігінде сақталып қалынды.

Кәсіби спорт деңгейі күрт көтеріліп келеді. Берісі Қазақстан, әрісі әлем, Азия чемпионаттарында Ақ Жайықтың талай өрені жеңімпаз болды. Мәселен, өткен жылы Ерболат Байбатыров самбодан екі дүркін әлем чемпионы атанса, жастар арасында дүниежүзілік додада Артур Үмбетқалиев грек-рим күресінен топ жарды.

«Бірер күннен кейін Канаданың Ванкувер қаласында жалауы көтерілетін қысқы олимпиада ойындарына Батыс Қазақстаннан екі бірдей спортшымыз қатыспақ. Олар шаңғышы Елена Антонова мен шорт-тректің жас шебері Айдар Бекжанов. Ақтөбе, Атырау, Маңғыстау секілді көрші облыстардан төрт жылдықтың тұғырлы сайысына бірде-бір спортшы жолдама ала алмады. Демек, біздің облыстағы спорт деңгейі көршілерден көш ілгері деген сөз. Ендігі мақсат - осы бағытты алдағы уақытта да жалғастыра беру», деп түйіндеді ойын М.Оңдағанов.