Батысқазақстандық үш ұстаз «Үздік педагог-2012» атағына ие болды

Соның бірі, дарынды балаларға арналған С.Сейфуллин атындағы №11 облыстық мектеп-интернаты кешені қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Аянбек Мыңбаевтың айтуынша, тұңғыш рет ұйымдастырылған аталмыш байқауға еліміз бойынша 4 мың мұғалім қатысып, соның 48-і жүлдегер атанған. Бұл ретте олардың соңғы бес жылдағы барлық жетістіктері ескерілген.
Батыс Қазақстан облысынан бақ сынаған 30 ұстаздың 8-і облыстық деңгейде озық шыққан болатын. Соның үшеуі республикалық деңгейге өтіп, үздік атанды. Атап айтқанда, А.Мыңбаевпен бірге Ақжайық ауданы Қ.Байсиықов атындағы орта мектептің орыс кластарындағы қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Бағдагүл Ізбасарова, Орал мұнай, газ және салалық технологиялар колледжі информатика пәнінің оқытушысы Гүлжиян Жүсіпқалиеваға куәлік, медальға қоса 1,6 млн. астам теңге ақшалай сыйлық берілді.