Батысқазақстандықтар академик Қажым Жұмалиевті еске алды
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Ж.Молдағалиев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында академик Қажым Жұмалиевтің 110 жылдығына орай шара өткізілді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.
Жазушы, ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан ҒА академигі Қажым Жұмалиевке (1907-1968) арналған конференция «Зерделі ғалым, көрнекті қоғам қайраткері, зергер жазушы» деп аталды.
Жиында батысқазақстандық ғалымдар, филология ғылымдарының кандидаттары Азамат Мамыров «Қажым Жұмалиев - көрнекті әдебиеттанушы», Құспан Аронов «Қажым Жұмалиев - махамбеттанушы», Рита Сұлтанғалиева «Қажым Жұмалиев және көркем диалог мәселелері» деген тақырыпта ой өрбітті. Ардагер-ұстаз Меруерт Жолдықайырова естелігімен бөліссе, байырғы журналистер Тихон Әліпқали, Амантай Боранқұл Қажым Жұмалиевтің тұлғалық, қайраткерлік және ұстаздық қырларын аша түсті. М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университеті жанында жұмыс жасайтын Қажым Жұмалиев атындағы бірлестік мүшелері академик-жазушының шығармаларынан үзінділер оқыды.
Шараға қатысушылар назарына «Көркем ой, көрікті тұлға иесі - қазақтың Қажымы» атты кітап көрмесі ұсынылды.
Бұдан 110 жыл бұрын Қаратөбе ауданы Жалғызағаш елді мекенінде дүниеге келген Қажым Жұмалиев жаяулап-жалпылап жүріп, Орынбордағы ересектер мектебінде білім алды. Кейін Шымкент қаласындағы ауыл шаруашылығы техникумында дәріс алды. 1928 жылы Қазақстанда ашылған тұңғыш ЖОО - Қазақ мемлекеттік университетіне (Абай атындағы педагогикалық институт) түсіп, оны 1932 жылы үздік бітірді. Сол жылы Оралда ашылған Қазақстандағы екінші жоғары оқу орны - педагогикалық институтқа жіберіліп, ұстаздық жолын осында бастады. Ұстаздық етумен бірге Қазақстан Жазушылар одағының өкілі ретінде Абдолла Жұмағалиев, Қасым Аманжолов, Жәрдем Тілеков, Хамит Ерғалиев сынды сол кездегі жас ақын-жазушыларға бағыт-бағдар сілтеді. Махамбет туралы зерттеуді осында жүргенде бастап, 1937 жылы Алматыға қызметке ауысқан кезде жалғастырды.
1937 жылы республикалық «Әдебиет және искусство» журналының бірнеше санында Махамбет Өтемісұлының өмірі мен шығармашылығы туралы көлемді материал жариялады. Бұл Махамбет туралы алғашқы ғылыми еңбектер еді. Бұл тақырыпты өмір бойы зерттеп, «Исатай-Махамбет» атты роман да жазды. 1941 жылы ХVІІІ-ХІХ ғасырлардағы қазақ әдебиетінің тарихынан кандидаттық, 1946 жылы «Абай поэзиясының тілі» деген тақырыпта докторлық диссертация қорғады. Осылайша, Махамбет пен Абай сынды қос алыпты қатар зерттеген ғалым көптеген ғылыми еңбектермен қатар поэзиялық, прозалық туындылар жазды. «Жайсаң жандар» атты естелік кітабында өз замандастарының бейнесін, өз кезеңін шынайы суреттеді. Саяси қуғын-сүргін құрбанына айналып, 25 жылға сотталып, тек И.Сталин қайтқаннан кейін ғана ақталған ғалым соның салдарынан ұзақ жасамай, небәрі 61 жыл ғұмыр кешті.
Айта кетейік, Қажым Жұмалиевтің есімі Орал қаласы мен Қаратөбе ауданы орталығындағы көшелерге берілген.