Батысқазақстандықтар Азиада жүлдегерлеріне қошемет көрсетті
Негізінен Ақ Жайық ойыншыларынан құралған Қазақстан допты хоккей құрамасы алтын медальды иеленсе, шорттрекшілер қос қола жүлдені еншілеген болатын. Бүгін ұшақтан түскен спортшыларға шашу шашып, ақ жол тілеген БҚО туризм, дене шынықтыру және спорт басқармасының қызметкерлері азиадашыларды ең алдымен тамаша жеңістерімен құттықтады. Бұдан соң шорт-тректен ҚР ұлттық құрамасының бас жаттықтырушысы Мәдіғали Қарсыбеков пен допты хоккейден ұлттық құраманың бас бапкері Алексей Никишов жеңімпаз спортшылар атынан шығып сөйлеп, Азиада ойындарынан алған әсерлерімен бөлісті.
Допты хоккейден ел құрамасының команда бастығы Марат Маңғубаевтың атап өткеніндей, қысқы Азиадада қазақстандық жігіттер ойынның үздік үлгісін көрсетті. Допты хоккейден ҚР ұлттық құрамасының негізгі бөлігін, яғни 90 пайызын батысқазақстандық ойыншылар құрады. «Азиададан кейін бізді Елбасы Н.Назарбаев қабылдады. 27 мемлекет қатысқан байрақты бәсекеде ел мәртебесін көтергеніміз үшін Нұрсұлтан Әбішұлы бізге ризашылығын білдіріп, алғысын айтты», деді ол.
Мұз айдыны спорт сарайының директоры Есқабыл Жалмұрзиевтің айтуынша, шорт-трекшілер мұндай додада тұңғыш рет олжа салды. Спорттың бұл түрі елімізде кенже қалса да, Қысқы Азия ойындарында шорт-трекшілер алғашқы үштіктен орын алды. Бұл - үлкен жетістік. Шорт-тректен ҚР ұлттық құрама сапында өнер көрсеткен спортшылардың 80 пайызы - оралдықтар. Шорт-трекшілердің осындай табысқа жетуіне Мәдіғали Қарсыбеков пен Жасұлан Мұхамбетқалиев сынды жаттықтырушылардың сіңірген еңбегі зор.