Батысқазақстандықтар да «Елбасы жолы» киноэпопеясын тамашалады

ОРАЛ. 14 желтоқсан. ҚазАқпарат - Кеше Орал қаласындағы «Галактика» ойын-сауық орталығының кинотеатрында «Елбасы жолы» киноэпопеясына кіретін «Отты өзен» және «Темір тау» көркем фильмдерінің таныстырылымы болды.

Батысқазақстандықтар да «Елбасы жолы» киноэпопеясын тамашалады

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың өмірінен сыр шертетін кинотуындыларды облыс әкімі Нұрлан Ноғаев бастаған Ақ Жайық жұртшылығы тамашалады.

Бұдан екі жыл бұрын шыққан «Балалық шағымның аспаны» атты фильмде Мемлекет басшысы Нұр­сұл­тан Әбішұлының балалық шағы­нан сыр шертілсе, «Отты өзен» мен «Темір тау» атты жаңа толықметражды көркем фильмдер соның жалғасы болып саналады. Екі жаңа фильм 1958-1968 жылдарды қамтиды. Дәл сол кезде қазақ жерінде «өнер­кәсіптік революция» басталады. Ал бұл тұп-тура Нұрсұлтанның ержетіп, қызығы мен шыжығы бірге өрілетін өмірге қадам басуына дөп келеді. Кіндік қаны тамған туған ауылынан арман қуып аттанған жас Сұлтан металлургтер қаласы - Теміртауға келіп, республикалық жастар құры­лысына білек сыбана кіріседі. Жас өрен уақыт өте Украинадағы Днепр­од­зержинск қаласына оқуға жолда­ма алып, жаңа достары мен өмірдегі ұстаздарын кездестіреді.

Оқуын ойдағыдай тамамдап, қолына диплом алған жас Сұлтан достарымен бірге Теміртауға оралып, еңбек жолын қайта жалғастырады. Алдына айқын мақсат қоя білуімен, діттеген биігіне жету жолында қай­мық­пай, қажымай, күресе алатын қай­сар мінезінің арқасында ол қара­пайым металлургтен Орталық Азия­да­ғы ең ірі комбинаттың басшысына дейін көтеріледі. Н.Назарбаев домна пе­шіндегі шойынмен бірге шыңда­лып, партия жұмыстарына белсене ат­салысады.

Бұл фильмде (режиссері Рүстем Әбдірашев) бас кейіпкердің рөлін жас актер Нұрлан Әлімжанов сомдағаны белгілі. Ал Нұр­сұлтанның әкесі Әбіштің рөлін сомдау Нұржұман Ықтымбаевқа бұйырған. Кинода Н.Назар­баевтың металлургиялық зауытта әйгілі академик Қаныш Сәтбаевпен кездескен сәті де шебер көрсетіліпті. Бұл рөлді Бақытжан Әлпейісов алып шыққан.

Жалпы, киноэпопея сценарийін Елба­сы­ның «Әділеттің ақ жолы», «Бейбітшілік кіндігі» және «Еуразия жүрегінде» шығар­маларын негізге ала отырып, белгілі дра­матург-сценарист Шахимарден Құсайы­нов пен режиссер Рүстем Әбді­рашев жа­зып шыққан. Сондай-ақ аталмыш фильм­­де Елбасының әріптестері, достары мен замандастарының естеліктері молы­нан пайдаланылған. Екі бөлімнен тұратын эпопеяны шығарма­шылық топ күн-түн демей бір жарым жыл Мәскеу, Украина, Беларусь, Латвия, Эстония жерлерінде түсірген. Көркем дүниені жарыққа шығару үшін жалпы саны 100-ден астам маман еңбек еткен.

Кинотуындыны көруге халық көп жиналып, шыққаннан кейін алған әсерлерімен бөлісті.